Токио Орталық Азия елдерін 19-20 желтоқсанда саммитке шақырады

52

Munarmedia.kz 10.12.2025 /Астана/-Жапония биылғы жылдың 19–20 желтоқсанында Токиода Орталық Азия елдерімен C5+1 форматында жоғары деңгейдегі саммит өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Nippon басылымы хабарлады. Келешек кездесудің күн тәртібіне аймақ елдері басшыларымен екіжақты келіссөздер де енуі ықтимал. Премьер-министр Санаэ Такаити әр мемлекеттің лидерлерімен жеке кездесулер өткізіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылауды көздеп отыр.

Жапонияның билеуші Либерал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Таро Асоның айтуынша, Токио Орталық Азиядағы дипломатиялық белсенділігін күшейтуге тиіс. Соңғы жылдары аймақ елдерінің Ресей, Қытай және АҚШ-пен өткен саммиттері Жапония үшін сыртқы саясаттағы жаңа міндеттерді айқындап берді.
«Дипломатиялық тұрғыдан мұндай саммиттерді Жапонияның да табысты өткізуі аса маңызды», — деді ол.

C5+1 форматының тарихи контексіне тоқталсақ, «Орталық Азия — Жапония» диалогының 20 жылдығына орай 2024 жылдың тамызында Қазақстанда саммит өткізу жоспарланған еді. Алайда Жапонияда күтілуі мүмкін қуатты жер сілкінісіне байланысты сапар соңғы сәтте тоқтатылған.

Ал биыл саммитті қайта жандандыру жоспары қараша айының соңында белгілі болды. Премьер-министр Санаэ Такаити бұл кездесуді Жапонияның аймақтағы ықпалын күшейтуге, табиғи ресурстарға бай мемлекеттермен стратегиялық әріптестікті тереңдетуге, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға әрі ғылым, технология, энергетика, инфрақұрылым салаларында жаңа жобаларды алға жылжытуға мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.

Алдағы саммит Токиодағы сыртқы саясат белсенділігінің жаңа кезеңін ашуы мүмкін.