Қазақстандықтар енді несиені мерзімінен бұрын айыппұлсыз жаба алады – бірақ бір ескерту бар

45

Munarmedia.kz 29.08.2025 /Астана/ 2025 жылғы 31 тамыздан бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енеді: енді жеке тұлғалар өздерінің несиелерін мерзімінен бұрын жаба алады — ешқандай айыппұлдар мен жасырын комиссияларсыз. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, жаңа талаптар барлық қолданыстағы несие шарттарына таралады. Алайда осы уақытқа дейін банктерге төленген айыппұлдар мен комиссиялар қайтарылмайды.

Мерзімінен бұрын өтеу — несие пайызы бойынша артық төлемді азайтып, қарыздан тезірек құтылғысы келетіндер үшін маңызды құрал. Қарыз алушы несиені толықтай өтеуге, не болмаса оның бір бөлігін жабуға құқылы. Бұл жағдайда ол ай сайынғы төлем көлемін сақтай отырып, несиелеу мерзімін қысқарта алады немесе төлем мөлшерін азайтып, бастапқы мерзімді сол күйінде қалдыра алады.

Алайда бір маңызды нюанс бар.

«Қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында, 2025 жылғы 31 тамыздан бастап жеке тұлғалар үшін несиені мерзімінен бұрын өтеуге қатысты айыппұл санкцияларын қолдануға тыйым салынады. Яғни, енді азаматтар кез келген уақытта айыппұлсыз өз несиелерін жаба алады. Ал заңды тұлғалар үшін бұл талап қолданылмайды», — деп түсіндірді агенттік өкілдері.

Дегенмен, аталған норма күшіне енгенге дейін банктер әлі де айыппұл талап етуге құқылы. Атап айтқанда, өтеу мерзімі бір жылға дейінгі қарыздар бойынша — алты ай ішінде, ал ұзақмерзімді несиелер бойынша — бір жыл ішінде мерзімінен бұрын жабуға айыппұл салынуы мүмкін.

Мамандар несиені мерзімінен бұрын жаппас бұрын барлық ықтимал салдарды есептеуді ұсынады. Атап айтқанда, қаржылық қауіпсіздік жастығын бағалап, ақшаны балама бағыттарға салу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Айта кетейік, мерзімінен бұрын төлемдер тек артық төлемді азайтып қана қоймай, сонымен қатар несие тарихының жақсаруына да оң әсер етеді.