АҚШ-та Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы сотталды

58

Munarmedia.kz 29.08.2025 /Астана/ 2025 жылғы 6 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк штатының Оңтүстік округі бойынша Округтік соты тыңдалым мен дәлелдемелерді қарау нәтижесінде талапкерлер — Алматы қаласы мен «БТА Банк» АҚ-ның пайдасына шешім шығарды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлады.

Сот Ильяс Храпуновты сотқа құрметсіздік танытты деп танып, оған қатысты бұған дейін шығарылған $221 мың көлеміндегі өтемақы төлеу туралы бұйрықты күшейтті. Федералды судья Джон Г. Кёлтл Храпуновтың соттың активтері туралы тұрақты есеп беру жөніндегі айқын әрі нақты талаптарын орындамағанын анықтады. Айта кетейік, мұндай есепті тапсыру міндеті Ильяс Храпуновқа бұған дейінгі сот шешімінде де жүктелген болатын.

Соттың жаңа шешімі бойынша Ильяс Храпунов енді өзінің барлық активтері туралы толық әрі тұрақты мәлімет беріп отыруға, сондай-ақ өзіне қатысты сот шешімдерін орындау үшін қаржы табуға бағытталған әрекеттерін көрсетіп отыруға міндеттеледі. Бұл талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, Ильяс Храпунов Алматы қаласы мен «БТА Банкке» сотты құрметтемеу әрекеттерінен туындаған шығындарды өтеуге міндеттелді.

Еске салайық, 2018 жылы Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов 17 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның жұбайы Лейла Храпунова 14 жылға сотталса, күйеу баласы Айяр Ильясов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Храпуновтар отбасы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында мемлекеттік мүлікті жымқыру, алаяқтық, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу және ұрланған мүлікті заңдастыру деректері бойынша айыпталған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі $250 миллионнан асты.

Ильяс Храпунов — Виктор мен Лейла Храпуновтардың ұлы, сондай-ақ шетелге қашқан банкир Мұхтар Әблязовтың күйеу баласы. Ол Алматыда дүниеге келген, алайда 14 жасынан бастап Швейцарияның Женева қаласында тұрып келеді. Ол мұнда атақты «Institut Le Rosey» интернатында білім алып, кейін «Webster» университетінде бизнес әкімшілік ету және халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша екі бакалавр дәрежесін, одан кейін магистр дәрежесін алған.