Қазақстанда облыс орталығы әкімінің алғашқы сайлауы өтеді

55

Munarmedia.kz 29.08.2025 /Астана/ 2025 жылғы 12 қазанда Семей қаласының тұрғындары өздерінің жаңа әкімін алғаш рет тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Бұл – еліміздегі облыс орталығы деңгейінде өткізілетін алғашқы әкім сайлауы болмақ.

Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, әкімдікке кандидаттарды ұсыну 28 тамызда басталып, 11 қыркүйек күні сағат 18:00-де аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу және оларға тиісті куәліктерді табыстау рәсімі 16 қыркүйек сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі.

Айта кетейік, бұл сайлау — Абай облысында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту аясындағы елеулі саяси оқиға.

Абай облысының қазіргі әкімі Берік Уәли тағайындалғаннан кейін өңірдегі басқару командасына ауқымды өзгерістер енгізген болатын. Ол өзінен бұрынғы әкім Нұрлан Ұранхаевтың тұсында тағайындалған бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды қызметтен босатты.

2024 жылғы желтоқсан айының соңында Семей қаласының әкімі болып Талғат Мұратов тағайындалған еді. Алайда, әлеуметтік желілер мен сарапшылар арасында оның бұл қызметте ұзақ отырмайтыны туралы болжамдар айтылған. Нәтижесінде, 2025 жылдың сәуір айында оның орынбасары Бекжан Бапышев қала әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Семейдегі әкім сайлауы тек қаланың ғана емес, тұтастай елдің саяси реформалар аясындағы маңызды кезеңдерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.