Munarmedia.kz 10.12.2025 /Астана/-Қазақстанда жаңа жолдар салынғанда олар бір мезгілде болашақтың көлігіне — пилотсыз жүк көліктері мен таксилерге бейімделіп жобаланып жатыр. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Министрдің айтуынша, елдегі инфрақұрылым енді тек бүгінгі қажеттілікке емес, автономды көліктің кең көлемді қолданысына есептеліп салынуда.
Сауранбаев 2027 жылы ЕАЭО аясында алғашқы ірі пилоттық жобаның іске қосылуы мүмкін екенін айтты. Жоспар бойынша жүргізушісіз, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істей алатын жүк көліктері жолға шығуы ықтимал. Бұл – логистика саласының тиімділігін арттыруға бағытталған бастамалардың бірі.
«Біз қазірдің өзінде жолдарды қажетті датчиктермен, интеллектуалды жүйелермен жобалап жатырмыз. Бұл автономды көліктердің ел ішінде қауіпсіз жүруі үшін керек», – деді министр.
Оның сөзінше, пилотсыз көліктер ең алдымен мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде қолданыла бастайды. Онда автономды жүк көлігі тек логистиканы жылдамдатумен шектелмей, паспорттық және кедендік бақылау процестерін де оңтайландыруға көмектеспек.
Сонымен қатар министр елде пилотсыз такси мен аэротакси қызметін құқықтық реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл қадам Қазақстанның көлік жүйесін технологиялық трансформацияға бағыттаған стратегиялық саясаттың жалғасы ретінде бағаланып отыр.
Еліміздегі «ақылды жолдар» жобасы дәл қазірдің өзінде жаңа индустрияның қалыптасуына негіз қалап, болашақ көлік жүйесінің инфрақұрылымын жасақтап келеді.