Әскерге жастарды көшеден күштеп әкетіп жатқан оқиғаны Қорғаныс министрілігі не деп түсіндірді?

67

Munarmedia.kz 10.12.2025 /Астана/

Қазақстанда әскерге шақыру науқаны басталған сайын қоғамда «тәртіп сақшыларының жастарды күштеп алып кетуі» жайлы түрлі пікір туады. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме беріп, азаматтың әскери комиссариатқа қандай жағдайда күшпен жеткізілетіні және «злостный нарушитель» – яғни шақыру тәртібін қасақана бұзушы кім екені туралы нақтылады.

Қорғаныс вице-министрі Қаніш Абубакировтың айтуынша, бүгінде әскери қызметкерлер тарапынан күшпен әкету тетігі қолданылмайды. Әскерге шақыру жүйесі толық цифрландырылған, ал жастарға шақыру қағазы SMS-хабарлама түрінде жолданады. Бұл тәртіп заңмен бекітілген.

«Повестканы әдейі елемей, азаматтық борышын орындаудан қасақана бас тартқан адамдар туралы ақпарат ІІМ-ге жолданады. Ал оларды жеткізу міндетін полиция орындайды. Біз заң мен тәртіп ең жоғары құндылық саналатын мемлекет құрып жатырмыз. Азамат хабарлама алды ма – оны орындауға міндетті», – деді Абубакиров.

Оның сөзінше, «злостный нарушитель» деп электронды повестканы алғанына қарамастан, 10 күн ішінде уәкілетті органға келмеген азамат танылады. Мұндай жағдайда адам әкімшілік жауапкершілікке тартылуы немесе полиция арқылы күштеп жеткізілуі мүмкін.

Министрлік түсіндіргендей, бұл талаптар жастарды жазалау үшін емес, шақыру жүйесін тәртіпке келтіру және елдегі қорғаныс міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет.