Қазақстанда жаңа тұрғын үйлерге қолма-қол төлем жасауға тыйым салынбақ — бұл кімнің мүддесі?

98

Munarmedia.kz.03.08.2025 ж. /Астана/-ҚР Қаржы министрлігі елімізде жаңадан салынған тұрғын үйлерді сатып алу кезінде қолма-қол ақшамен төлеуге тыйым салу бастамасын көтерді. Ресми түсіндірмеге сәйкес, бұл шара азаматтарды алаяқтардан қорғауға және құрылыс нарығындағы көлеңкелі айналыммен күресуге бағытталған. Алайда қоғамда бұл қадамның шын мәнінде ақша айналымын бақылауды күшейту және қарапайым халықтың қаржылық дербестігін шектеу екенін айтып жатқандар көп.

Егер бастама заң деңгейінде бекітілсе, ең алдымен алаяқтар емес, жылдар бойы еңбек етіп, үй алуға қаражат жинаған қарапайым азаматтар зардап шегуі мүмкін. Бұрын пәтерді қолма-қол ақшамен сатып алу — тез әрі сенімді әдіс саналса, енді банктік есепшот арқылы ғана есеп айырысу міндеттелмек. Бұл өз кезегінде банктердің тарапынан «ақшаңыздың қайдан келгені» туралы сұрақтардың туындауына, яғни халықты қаржылық қысымға ұшыратуға алып келеді.

Бірақ мәселенің түп-тамыры бұдан да тереңде. Әдетте, кез келген мемлекет салықтық немесе қаржылық міндеттемелерді күшейтетін кезде, соған сай әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, денсаулық сақтау, білім беру немесе қауіпсіздік салаларына қосымша инвестиция бөлуге тырысады. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы үндестік пен сенімге негізделген келісімнің көрінісі.

Ал Қазақстандағы жағдай керісінше өрбіп келеді. Тұрғындар бұрынғыдан да көп төлейді, бірақ соған сай қызмет пен өмір сапасы жақсармай отыр. Денсаулық сақтау жүйесі мен мектептердің жағдайы халықтың көзіне анық көрініп тұр. Жолдар жөнделмеген, қауіпсіздік төмендеген, ал қарапайым адам үшін қолжетімді мемлекеттік қызметтер саны азайып барады.

Сонымен қатар, жоғары лауазымды тұлғалар мен ықпалды топтардың табысы өсе түсіп, қоғамдағы бай мен кедей арасындағы алшақтық тереңдей түсуде. Коррупциямен күрес туралы есептер қағаз жүзінде қалып қойып, оның орнына халықтың өзіне қосымша жүктеме жүктелуде.

Сондықтан да жаңа тұрғын үйлерге қолма-қол төлемге тыйым салу бастамасы қоғамда "алаяқтармен күрес" ретінде емес, мемлекет пен қаржы институттарының халықты толық бақылауға алу құралы ретінде қабылдануда. Қаржылық ашықтық ұранының астарында халықтың еркіндігі мен таңдау құқығы шектеліп жатқандай әсер қалдыруда.

Munarmedia.kz сараптамалық қызметі