Қазақ ұлттық университеті Омбыда алғашқы филиалын ашты

72


Munarmedia.kz.03.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстан тарихында алғаш рет отандық жоғары оқу орны шет мемлекетте ресми түрде өз филиалын ашты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаңа бөлімшесі Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы Омбы мемлекеттік университеті базасында жұмысын бастады.

Бұл – Қазақстан ЖОО-лары арасында шетелдегі алғашқы ресми өкілдік. Филиал үш негізгі бағыт бойынша білім береді: қазақ тілі мен әдебиеті, халықаралық құқық және кеден ісі. Сабақтар үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Алғашқы қабылдау аясында 75 студент оқуын бастады. Оларға дәріс беретін оқытушылар құрамын Қазақстаннан барған мамандар мен шекара маңындағы Ресей өңірлерінің жоғары білікті профессорлары құрайды.

Мамандардың пікірінше, бұл бастама – Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және мәдениет саласындағы ықпалдастықты нығайтудың нақты қадамы. Сонымен қатар, бұл жоба шетелдегі қазақ диаспорасының ана тілінде сапалы білім алуына жол ашады әрі Қазақстанның гуманитарлық және академиялық ықпалын кеңейтудің бір бағыты ретінде қарастырылады.

Munarmedia.kz ақпараттық қызметі