Қазақстанда орысфобияға қарсы шыққан блогерге екі бірдей қылмыстық бап бойынша айып тағылуы мүмкін

109

Munarmedia.kz.03.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстанда «Северный казах» деген лақап атпен танымал азаматтық белсенді әрі блогер Аслан Төлегеновке қатысты қылмыстық іс қозғалып, оған екі ай мерзімге қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұған дейін ол тікелей эфир кезінде балағат сөз қолданғаны үшін 10 тәулікке қамалған еді. Бұл туралы видео-блогер Эльмира Вайыс хабарлады.

Төлегенов қамауға алынардан сәл бұрын жариялаған видеосында соңғы 2,5 жылда өзінің орыс халқына бағытталған кемсіту әрекеттеріне қарсы шыққаны, Қазақстанның дамуына орыстардың қосқан үлесін тарихи тұрғыда қорғағаны және ұлтаралық араздықты өршіткісі келетін «жергілікті ұлтшылдардан» орыс азаматтарын қорғаштағаны үшін қудаланғанын айтқан болатын.

Аталған іске қатысты блогер Бақтияр Тұраров былай деп мәлімдеді: «Аслан Төлегеновке қатысты шағымдар Дархан Ардақұлы, Диас Құзайыров және Ринат Кибраев секілді адамдардан түскен. Бұл тұлғалар бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған». Оның айтуынша, арызданушылар – радикалды көзқарастағы ұлтшылдар. Құзайыров қаңтар оқиғасына қатысқан, Кибраев ЛГБТ идеяларын насихаттап, құқық қорғау органдарын және әкімдік қызметкерлерін қорлаған, ал Ардақұлы ресми түрде сепаратист және неонацистік, Батысқа бейім көзқарастарымен танылған.

Тұраровтың пайымдауынша, қазіргі Қазақстанда құқық қорғау жүйесі мұндай жағдайларда тиімді әрекет ете алмай отыр. «Құқық қорғау органдарының қолын жергілікті деңгейдегі ықпалды топтар байлап отыр. Қоғамда арандатушы сипаттағы адамдар ашық қолдауға ие, ал полиция оларға қарсы тұра алмайды», – дейді ол.

Блогер Амангелді Есеновтің дерегінше, Төлегеновке тек ұлтаралық араздықты қоздыру емес, сондай-ақ сепаратизм бойынша да айып тағу қарастырылуда. Оның айтуынша, Қазақстанда шетелдік туларды (АҚШ, Түркия, Украина) көрсетіп, этникалық орыстарды жоюға үндейтін, ресейліктерге қарсы терактілерді қолдайтын кейбір стримерлерге ешқандай шара қолданылмай отыр. «Жаңаөзенді қайталау қажет» деген ұрандар мен Қазақстан билігін күштеп құлатуға шақыратын арандатулар да елеусіз қалып жатыр.

Есенов атап өткендей, қазақстандық интернет кеңістікте неонацистік көзқарасты ұстанатын ұлтшыл топтар белсенді әрекет етіп, зорлықты насихаттаумен қатар, Қылмыстық кодекстегі 174-бапты («ұлтаралық араздықты қоздыру») жоюды талап етуде. «Егер билік осы қысымға көнсе, онда виртуалды қақтығыстар нағыз қантөгіске ұласуы мүмкін», – деп ескертеді ол.

Ал блогер Ахметовтің пікірінше, Аслан Төлегенов орыс және қазақ халықтары туралы шындықты айтып жүргендіктен, әрі билікке де, радикалды ұлтшылдарға да ұнамай қалған. «Оның көтерген мәселелері – өте орынды. Бірақ кейбіреулердің менмендігі шындықты мойындауға мүмкіндік бермейді. Біздің екіжүзді билік бір жағынан Ресеймен "доспыз" десе, екінші жағынан орысфобиялық шабуылдарға көз жұма қарайды», – дейді ол.

Telegram-дағы «Алдаркөсе» арнасының жазуынша, Төлегенов адвокатымен кездесуге мүмкіндік ала алмай отыр, әрі оның жүрек ауруына байланысты медициналық көмегі де жеткіліксіз.

«Аслан өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады. Егер тәуелсіз тексеріс жүргізілмесе, бұл іс не одан да ауыр бапқа ауысып кетуі, не медициналық көмексіздік салдарынан қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», – деп жазады арна авторы.

Сондай-ақ Telegram-дағы «Русская казашка» арнасының авторы Әлия Толстых Аслан Төлегеновке барынша қолдау көрсетуге шақырды. Ол блогердің ешқашан араздық туғызбағанын, керісінше бейбітшілік пен тату көршілікті насихаттап, жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғағанын атап өтті.

Munarmedia.kz ақпараттық қызметі