Munarmedia.kz 29.10.2025 / Астана Алматы қаласының арнайы прокурорлары аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасына қатысты атышулы істің тергеуін аяқтады. Құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы нәтижесінде АҚШ-тан Қазақстанға есірткі жеткізудің халықаралық арнасы әшкереленді, деп хабарлайды RedMedia.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық схеманы жазасын өтеп жатқан тұтқын ұйымдастырған. Ол АҚШ-тан Алматыға марихуана мен каннабис экстрактын кәдімгі пошта сәлемдемесі ретінде жеткізуді жолға қойған.
Қылмысқа ұйымдастырушыдан бөлек кураторлар, дропперлер, «қоймашылар» мен есірткіні буып-түюмен айналысқан тұлғалар қатысқан.
«Жетісу» кеден бекетінде жалпы салмағы 43 килограмм болатын есірткі бар 25 сәлемдеме тәркіленді. Барлығы айғақты зат ретінде тіркелген.
Арнайы операция барысында 20 күдікті ұсталды, олардың арасында Ұлттық қауіпсіздік органдарының екі қызметкері мен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің үш өкілі бар. Тергеу деректеріне сүйенсек, олар қылмыстық топтың іс-әрекетіне қамқорлық жасап, контрабандалық жөнелтілімдердің кедергісіз өтуіне ықпал еткен.
Күдіктілерге есірткі контрабандасы, сату және қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану баптары бойынша айып тағылған.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар заңсыз табыстарды жасыру мақсатында жылжымайтын мүлік, жер телімдері мен автокөліктер сатып алған.
Сот санкциясымен 5 пәтер, 3 құрылыс нысаны, 10 жер учаскесі және 44 көлікке тыйым салынды.
30 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданды.