Атырауда сотталған Бақытгүл Хаменова үйлену тойында көзге түсті: ҚАЖК түсініктеме берді

58


Munarmedia.kz 29.10.2025 / Астана Атырауда бұрын облыс әкімінің орынбасары, сондай-ақ Мәжіліс депутаты болған Бақытгүл Хаменова бір үйлену тойында байқалып, әлеуметтік желілерде қызу талқы тудырды. Пайдаланушылар оның суреттері мен видеоларын бөлісіп, экс-шенеуніктің қазіргі мәртебесіне қатысты сұрақтар қойды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мәліметінше, Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі 2023 жылы шыққан. Алайда сот оның жазасын өтеу мерзімін үш жылға шегерген. Бұл шешім заңмен көзделген гуманитарлық негізде қабылданған.

Осы кезеңде ол пробация қызметінің бақылауында. Комитет Хаменоваға шетелге шығуға тыйым салынғанын, тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда міндетті түрде хабарлау және белгіленген уақытта пробация инспекторларына келіп белгіленіп отыру міндеті жүктелгенін растады.

Сонымен қатар ведомствоның хабарлауынша, сот шешімінде мәдени, отбасылық немесе қоғамдық іс-шараларға қатысуға нақты шектеу қойылмаған. Сондықтан экс-шенеуніктің үйлену тойына қатысуы пробация талаптарын бұзу болып саналмайды.

Желі қолданушылары арасында пікір екіге бөлінді. Бір бөлігі Хаменованың жазасы кейінге шегерілгендіктен, оның әлеуметтік өмірге араласуына заң жүзінде тыйым жоқ екенін айтса, екінші бөлігі шенеуніктерге қатысты әділдік мәселесін көтеріп, «жаза шегерілгенімен, оның қоғам алдында моральдық жауапкершілігі бар» деген пікір білдірді.

Еске салсақ, Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнату кезінде 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылған. Сот үкімі бойынша ол жеті жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ сот оның мүлкін тәркілеуге шешім шығарған.

Сот жазаны үш жылға шегеру туралы шешімді Хаменованың кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп қабылдаған. Осы уақыт ішінде ол пробациялық бақылауда болып, заң талаптарын бұзбауы тиіс. Егер шарттарды бұзса, кейінге қалдырылған жаза күшіне енеді.