Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сот төрағасына қатысты даулы іс өршіп тұр

93

Munarmedia.kz.03.08.2025 ж. /Астана/-Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының (МСУД) төрағасы Қажымұқан Мекемтасқа қатысты атышулы жанжал тереңдей түсті. Ол судья Айсұлу Сламбекованың атынан қала сотының төрағасы Ахан Жұмағұловқа қарсы жазылған, жала жабу сипатындағы жалған шағымды жіберді деген күдікке ілінді. Поштаға конверт салынған сәт бейнебақылау камераларына жазылып қалған, ал көлік Мекемтас жұбайына тиесілі екені анықталған. Осы іске байланысты Жоғарғы сот жанындағы Судьялар алқасы 31 шілдеде арнайы отырыс өткізді.

«Бұл жолы Мекемтас қызметінен кедергісіз құтыла алмайды деп ойлаймыз. Егер тағы да жауапкершіліктен жалтаратын болса, онда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сотқа деген сенім мүлдем жоғалады», – деп мәлімдеді қарағандылық тергеуші-журналист Сергей Перхальский.

Аталған оқиғаға байланысты Мекемтас та қарап қалмай, керісінше Сламбекованы қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым түсірген. Оның айтуынша, конверттерді Сламбекованың жеке өтінішімен жолдаған. Бұл шағым негізінде қызметтік тергеу де басталған.

Алайда, «Фемида бақылау және реформа қоры» (ФБРК) таратқан мәліметтерге қарағанда, Мекемтастың жұмысы бұған дейін де бірнеше мәрте тексерулерге іліккен. Қордың жариялауынша, 2023 жылдың желтоқсанында аталған қызметке тағайындалған сәттен бастап МСУД құрамындағы судьялар тарапынан оның әрекетсіздігіне байланысты көптеген шағым түскен.

«Судьялар Мекемтастың әрекетіне байланысты мәселелерді шешу үшін тікелей қалалық сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Олар сондай-ақ өз басшыларының үстінен ұжымдық шағым жолдап, ұжымдағы "ауыр моральдық ахуал", жоғары сот инстанцияларына шағым жолдау жүйесінің бұғатталуы мен проблемалық мәселелерге бейжай қарау фактілерін көрсеткен», – делінген ФБРК-ның зерттеуінде.

Бұған қоса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мекемтастың қызметі «қанағаттанарлықсыз» деп бағаланған. 2025 жылы жағдай жақсарудың орнына, одан әрі күрделене түскені айтылады. Ал 3 шілде күні Судьялар алқасы Мекемтасқа бір сот процесі бойынша заңды өрескел бұзып, тым жұмсақ үкім шығарғаны үшін ресми түрде сөгіс жариялады.

Munarmedia.kz ақпараттық қызметі