Қазақстанда кімдер көлік салығын төлеуден босатылады

121



Munarmedia.kz.18.07.2025 / Астана-2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және бірқатар жеңілдік санаттары үшін көлік салығын жоюды көздейді.

Көлік салығынан толық босатылатындар:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, оның ішінде шет елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқандар;

  • КСРО ордендері мен медальдарымен еңбек және майдан қызметі үшін марапатталғандар;

  • Кеңес Одағының Батырлары және Социалистік Еңбек Ерлері;

  • «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері;

  • Еңбек Даңқы орденінің үш дәрежесінің толық иегерлері;

  • «Отан» орденінің иегерлері;

  • «Батыр ана» орденімен немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарымен наградталған көпбалалы аналар;

  • Мүгедектігі бар азаматтар (жеңілдік тек бір мотоколяска немесе бір автокөлікке қолданылады).

Ұйымдар үшін:

  • Мемлекеттік органдар мен оқу орындары – қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрге дейінгі бір автокөлік пен бір автобустан көлік салығын төлеуден босатылады;

  • Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен шаруа қожалықтары – ауыл шаруашылығында пайдаланылатын арнайы техникалар бойынша салықтан босатылады.

Қосымша:

  • Ескі автокөліктер үшін салыққа жеңілдік енгізілді: 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктер үшін – 30%, 20 жылдан асқан көліктер үшін – 50%;

  • Құны 18 000 АЕК-тен (шамамен 70,8 млн теңге) асатын көлікті сату кезінде 10% акциз салығы енгізіледі. Егер көлік иелігінде бір жылдан артық уақыт болса – акциз алынбайды.