Қазақстанда КазТАГ басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды

37

Munarmedia.kz 09.12.2025 / Астана Қазақстандық телеграф агенттігі – КазТАГ-тың бас директоры Асет Матаев пен бас редактор Амир Касеновқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Редакцияның хабарлауынша, олар ресейлік тегі бар миллиардер Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясының арызы бойынша күдікті деп танылған. Арыз компания басшылығының алаяқтық схемаларына алданып қалған азаматтардың сөздеріне негізделген жарияланымдарға байланысты түсірілген.

9 желтоқсанда Матаев пен Касенов полицияға жауап алуға шақырылған.

КазТАГ-та "бұл қылмыстық іс ақпараттық кеңістіктегі «сенімсіз пікір көшбасшылары тізімін» қалыптастыру логикасына сәйкес келеді" деп санайды. Агенттік өкілдерінің айтуынша, аталған тізімге Матаев пен Касеновтен бөлек ондаған танымал тұлғалар – журналистер Гүлжан Ерғалиева, Жәмила Маричева, Самал Ибраева, Тамара Вааль, Серік Аббас-шах пен Дина Елгезек, саясаттанушы Досым Сәтпаев, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, адвокат Жоһар Өтебеков, режиссерлер Ринат Балғабаев және Қуаныш Бейсек, актер Ануар Нұрпейісов, PR-маман Алишер Елікбаев, әнші Айқын Төлепберген және боксшы Мухит Амантаев сияқты өзге де көптеген адамдар кірген.

Редакцияның дерегінше, 18 тамызда қозғалған қылмыстық іс туралы олар 20 қарашада ғана басқа БАҚ арқылы білген. КазТАГ тергеу органдары қылмыстық қудалауды әдейі жасырып келген деп есептейді. Агенттіктің мәлімдеуінше, тергеу кезінде бірқатар сараптамалар КазТАГ өкілдеріне хабарланбай жүргізілген.

КазТАГ бұл істі алдағы президент сайлауы қарсаңындағы «қорқыту әрекеті» деп бағалап отыр. Агенттік мұндай қадамға Президент Әкімшілігінің қызметкерлері мен «ескі Қазақстан» өкілдері қатысы бар болуы мүмкін деген пікір білдірді.

Ескерту: материалда келтірілген айыптаулар — КазТАГ редакциясының ұстанымы мен мәлімдемелері. Ресми органдардың тергеу нәтижелері әлі жарияланған жоқ.