Қазақстанда бір адамға 10 SIM-картадан артық тіркеуге тыйым салынады

23

Munarmedia.kz 12.11.2025 /Астана/ 18 қарашадан бастап Қазақстанда ұялы байланыс саласын реттеудің жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Жаңа талаптарға сәйкес, бір азаматтың атына ең көбі 10 SIM-карта ғана тіркелуі мүмкін. Егер біреуге бұдан көп нөмір қажет болса, ол нөмірлердің қайда және не мақсатта қолданылатынын түсіндіретін арнайы өтініш беруге тиіс.

Сонымен қатар, байланыс операторларына антифрод жүйелерін (алаяқтыққа қарсы бақылау) енгізу міндеттелді. Бұл жүйе күдікті белсенділікті анықтап, алаяқтық нөмірлерді бұғаттап, ақпаратты Ұлттық банктің антифрод-орталығына жолдайды.
Абоненттер өз кезегінде күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға қатысты шағымдарын операторлардың қолдау қызметі арқылы тікелей жібере алады.

Қазақстан бұл тұрғыда Ресейдің үлгісін ұстанып отыр: көрші елде 1 қарашадан бастап бір адамға 20 нөмірге дейін рұқсат етілген, соның ішінде корпоративтік желілер де бар. Ал бізде шектеу одан да қаталдау.

Мамандардың айтуынша, жаңа ережелер тек алаяқтық схемалармен күреске ғана емес, сонымен қатар жалған пікір мен жасанды белсенділік тудыратын “сим-карта фермаларына” да соққы болмақ.

Формалды түрде бұл да алаяқтық әрекетке жататынын ескерсек, — деп жазады сарапшылар, — “енді шындыққа жанаспайтын виртуалды белсенділіктің уақыты өтті деуге болады.”