Қазақстанда бензинді Өзбекстанға заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топқа сот үкімі шықты

60



Munarmedia.kz 23.08.2025 ж. /Астана/-Түркістан облысында Қазақстан–Өзбекстан шекарасынан бензинді заңсыз өткізу ісі бойынша сот аяқталды. Бұл туралы «Newshub» облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сот деректеріне сәйкес, 2024 жылдың шілдесінде өңір тұрғыны К. жанармай бағасындағы айырмашылықтан заңсыз пайда табуды көздеп, Өзбекстан азаматы Р.-мен бірігіп трансұлттық қылмыстық ұйым құрған. Ол қазақстандық бірнеше адамды және кім екені анықталмаған өзбекстандықтарды топқа тартып, олардың әрқайсысына рөл бөліп берген.

Қылмыстық топ Сарыағаш ауданына қарасты Сарқырама ауылындағы үйдің ауласынан ұзындығы 375 метр болатын жерасты құбырын жүргізген. Оның бір ұшы Қазақстан аумағында, екінші бөлігі Өзбекстан жағында орналасқан.

2024 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін топ мүшелері кедендік бақылауды айналып өтіп, АИ-92 маркалы 420 тонна бензинді шекара асырып өткізген. Жанармайдың жалпы құны 112 млн теңгеден асқан.

18 тамызда шыққан сот үкімі бойынша қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушылардың әрқайсысына 13 жыл жаза тағайындалды.

Тінту барысында күдіктілерден 3 млн теңге қолма-қол ақша, 16 мың литр бензин және ЗИЛ мен ГАЗ маркалы жүк көліктері тәркіленіп, мемлекет меншігіне өткізілді.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда да жерасты тоннельдері арқылы контрабанда ісі қаралған болатын. Қырғызстанның Жалал-Абад облысындағы Ханабад қаласы мен Бекабад ауылын жалғаған екі тоннель арқылы мобильді телефондар, планшеттер, аксессуарлар мен алтын заңсыз тасымалданғаны үшін бірқатар адамдарға үкім шыққан еді.