«Ақ жол» партиясының экс-басшы орынбасарына ҚР Қылмыстық кодексінің алты бабы бойынша айып тағылды

92



Munarmedia.kz 23.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстан Бас әскери прокуратурасы Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың бұрынғы орынбасары Дмитрий Васильевке қатысты қылмыстық істің мән-жайын жария етті. Бұл туралы «Kazinform» хабарлайды.

2024 жылғы қыркүйекте Азат Перуашев өз орынбасарының ұсталғанын растаған болатын. Ол бұған қызметтік хат-хабардың әшкере болуы немесе Ұлттық ұланның бір лауазымды тұлғасына қатысты парақорлық эпизоды себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Депутаттың сөзінше, Васильев партияда штаттан тыс қызмет атқарған.

Прокуратура мәліметінше, Васильевке қатысты қазір алты бап бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Олар:

— 189-бап («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету»);
— 218-бап («Қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру»);
— 286-бап («Тыйым салынған заттарды кедендік шекарадан өткізу»);
— 366-бап («Пара алу»);
— 367-бап («Пара беру»);
— 450-бап («Билікті немесе лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану»).

Аталған баптар түрлі жаза қарастырады — ірі айыппұлдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін.

«Политпросвет.kz» редакциясының анықтауынша, Дмитрий Васильев үш компанияның — «СП "Казавтобуспром"», «Коммерческий транспорт» және «Параллель-ТС»-тің тең құрылтайшысы. Соңғысы Ұлттық ұланның техника және қару-жарақ жөніндегі бас қолбасшысының орынбасары Константин Воронкинмен келісімшарттар аясында жұмыс істеген.

Бұған қоса, «ҚазТАГ» агенттігі генерал-майор Воронкинге 2023 жылы «Параллель-ТС» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Д. Васильев пен осы компания директоры М. Васильевтен пара алды деген айып тағылғанын хабарлады. БАҚ дерегінше, Максим Васильев — Дмитрий Васильевтің туған бауыры және ол да «Параллель-ТС» ЖШС-нің тең құрылтайшысы болып табылады.