"Автокөлік ұтысына" қатысты даудан кейін ,блогерлер Жанабыловтардың қызметі құқықтық тексеруге алынды

49

Munarmedia.kz 28.08.2025 /Астана/-Қазақстандық танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова көлік "ұтыс ойынына" қатысты туындаған қоғамдағы үлкен резонанстан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ойын бизнесін реттеу комитетінің назарын аударып, тиісті құқықтық тексеруге алынды.

2025 жылғы 19 тамызда аталмыш блогерлер әлеуметтік желілер арқылы өз жазылушыларына 11 автокөлік сыйға тартылатынын жариялаған. Қатысу шарты ретінде жазбаны қайта жариялау (репост) талап етілген. Алайда, 21 тамызда алдын ала уәде етілген тікелей эфирдің орнына олардың парақшаларында 30 000 теңге тұратын "Zhana Business" атты онлайн-курстың ақылы сілтемесі жарияланды. Осылайша, ұтыс ойынына қатысу факті жүзінде ақылы сипат алды.

Ұйымдастырушылар арнайы сайтта "ешкім сыйлықсыз қалмайды" деп сендіргенімен, көптеген қатысушылар бұл бастаманы оқыту курсын сылтауратып, жүлделі конкурс ұйымдастыру ретінде қабылдағанын айтуда. Жазылушылардың айтуынша, олар білім алу мақсатында емес, конкурсқа қатысу үшін қаражат төлеген, алайда қаржыны кері қайтару мүмкін болмаған. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең көлемді наразылық тудырды.

Журналист Назымгүл Құмыспаева Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдап, мынадай сұрақтар қойды:
– Мұндай форматтағы ұтыс ойындары арқылы онлайн курстарды жарнамалау Қазақстан заңнамасына сәйкес келе ме?
– Ұтысқа тігілген автокөліктер мен қаржы шынайы ма?
– Қатысудан бас тартқан жағдайда қаражатты қайтармау қаншалықты заңды?

Аталған сұрақтардың негізінде Агенттік жинақталған материалдарды тиісті уәкілетті органдарға жолдап, бұл механизмнің заңдылығын жан-жақты тексеруді тапсырды.

Бұған дейін де Жанабыловтар тарапынан ұтыс ойындары ұйымдастырылғаны белгілі. Ол кезде қатысушылар әртүрлі блогерлерге жазылу арқылы телефон, тұрмыстық техника немесе ақша ұтып алуға мүмкіндік алған. Саясаттанушы Сырым Итқұловтың мәліметінше, олардың соңғы ұйымдастырған "Семейный гив" атты акциясы аясында шамамен 70 демеуші тартылған. Әрқайсысы 500 мың теңгеден төлеп, жалпы көлемі 35 миллион теңгеге жеткен. Оның 10 миллионы жүлделерге жұмсалғанымен, қалған 25 миллионы ұйымдастырушылардың қарамағында қалған.

Туризм және спорт министрлігі жанындағы Ойын бизнесін және лотереяларды реттеу комитетіне бұл іс бойынша ресми шағым келіп түскен. Қазіргі уақытта Ерболат Жанабыловқа ресми түсініктеме беру туралы хабарлама жолданды. Егер заңмен белгіленген мерзім ішінде жауап ұсынылмаса, әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалуы мүмкін.

Министрлік азаматтарға ескерту жасай отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лотереялар мен ұтыс ойындарын тек арнайы лицензияланған операторлар мен агенттер ғана өткізе алатынын еске салды. Осыған орай, қоғам өкілдері күмәнді мазмұндағы "гивтерге" қатысудан сақ болуға шақырылды.