Munarmedia.kz 29.08.2025 /Астана/ Қазақстан темір жолдарында ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Еліміз жолаушылар тасымалында испандық Talgo пойыздарын швейцариялық Stadler құрамдарына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі темір жолдардың жартысынан астамы ескірген және техникалық жаңартуды қажет етеді. 2030 жылға дейін 5 мың шақырым жол жаңғыртылып, тағы 11 мың шақырым жол жөнделмек. Бұл — пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мен жылдамдығын қамтамасыз ету үшін шешуші фактор.
Stadler пойыздары: жаңа сапа мен кеңістік
Жаңа Stadler вагондары елімізге 2025 жылдың соңына дейін келе бастайды. Алғашқы кезеңде 557 вагон жеткізу жоспарланған.
Ауыстырудың негізгі себептері:
-
Жол сапасына байланысты жылдамдықтың төмендеуі: соңғы жылдары Talgo пойыздары өз жылдамдық әлеуетін толық көрсете алмауда. Мысалы, Алматы – Астана бағыты бойынша бұрынғы 11 сағаттың орнына бүгінде 18–21 сағатқа дейін жол жүру жағдайлары жиілеген.
-
Тар вагондар мен жайсыздық: Қазақстандықтар үшін пойыз — тек жол емес, сондай-ақ жүк пен азық-түлік, сыйлықтар тасымалдау тәсілі. Осы ретте Talgo-ның бизнес-стильдегі шағын купелері мен рундуктердің жетіспеуі жолаушылар арасында сынға ұшыраған.
Stadler құрамдары кең купелерімен, жүк қоюға арналған орындарымен және жайлылығы жоғары инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Бұл жолаушылардың сұранысына барынша бейімделген жаңа буын пойыздары болмақ.
Жергілікті өндіріс және экономикалық тиімділік
Тағы бір маңызды өзгеріс — Stadler вагондарының өндірісі Қазақстанда ішінара локализацияланады. Бұған дейін Talgo вагондары елімізде негізінен "отвертка әдісімен" — дайын бөлшектерді құрастыру түрінде шығарылып келсе, енді Stadler құрамдары үшін бірқатар компоненттер Қазақстанда өндіріледі.
Бұл шешім ішкі өндіріс қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ технологиялық трансферге жол ашады.
"Мұндағы басты мәселе — экономика. Пойыздарды ауыстыру — жолаушыға жайлылық сыйлау ғана емес, өндірісті, қызмет көрсетуді, инфрақұрылымды дамыту тетігі", — деді сала сарапшыларының бірі.
Talgo – тарихқа айнала ма?
Дегенмен, Talgo вагондары бірден толық алынып тасталмайды. Олар техникалық ресурсы толық таусылғанша — шамамен алдағы 15–20 жыл ішінде бірқатар бағыттарда қолданыста қала береді
Қазақстан темір жолдары жаңа кезеңге аяқ басуда. Stadler пойыздарының келуі — көліктік қызмет сапасын арттырумен қатар, индустриялық саясаттағы маңызды бетбұрыс. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты — жолаушыға жайлылық, мемлекетке — тиімділік, бизнеске — жаңа мүмкіндік ұсыну.