Ата Заңым — айбыным: Егіндікөлде Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті

43


Егіндікөл ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мазмұнды әрі тағылымды шара ұйымдастырылды. Аудандық тілдерді оқыту орталығының оқу залында өткен «Ата Заңым — айбыным» атты дөңгелек үстелді Егіндікөл ауданының ішкі саясат бөлімі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы мен аудандық кітапхана ұжымы бірлесіп өткізіпті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Ата Заңның қоғамдағы айрықша орнын түсіндіру, жас ұрпақты заңға құрметпен қарауға баулу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды. Сондай-ақ жиында дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының мәні, олардың әділдікті ту етіп, дауларды сотқа жеткізбей шешкен даналығы жайлы кеңінен сөз қозғалды.

Дөңгелек үстелге аудандық мәслихат төрағасы Қабыкен Шынтеміров, ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрсайын Әубәкіров, зейнеткер-дәрігер Темірболат Тасқынбаев, «Аманат» партиясы аудандық филиалының басшысы Ольга Топоркова, кәсіби медиатор, «Тіршілік-2023» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерік Серікбаев, аудандық соттың судьясы Секербай Қасқарбаев, аудандық мансап орталығының директоры Алла Уразалинова, полиция қызметкері Полина Харченко және «Байтақ» жасылдар партиясының аудандық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Құсайыновтар қатысты.

Жиын барысында қатысушылар Конституцияның тарихи маңызы мен негізгі баптарына тоқталып, оның елдің демократиялық дамуы мен құқықтық мемлекет құрудағы рөлін айшықтады. Сонымен қатар, билер институтының халық арасындағы әділдік пен татулықты сақтаудағы тағылымы жастарға өнеге ретінде ұсынылды.

Шараға қатысқан «Байтақ» жасылдар партиясының Ақмола облысы филиалының өкілдері де пікір білдіріп, Ата Заңды қастерлеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы екенін атап өтті.

Осылайша, Егіндікөл ауданында өткен тағылымды басқосу ел Конституциясының мерейлі мерекесіне лайықты үлес болып, қоғамды құқықтық мәдениетке тәрбиелеудің маңызды алаңына айналды.