Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы онлайн форматта өтіп, онда мемлекеттік қызметшілерді ротациялау мәселелері талқыланды.
Ротация мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және кадрлық мүмкіншіліктерді дамыту үдерістерінің негізгі құралы ретінде қарастырылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ротацияға мыналар жатады:
- саяси қызметкерлер (Президент тағайындайтын, Конституциямен және заңдармен өкілеттілік мерзімі анықталған лауазымдардан басқа);
- «А» корпусының қызметшілері;
- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының "Б" корпусы қызметшілері;
- өзге мемлекеттік органдардың В-1, В-2, С-1, С-2, С-О-1, С-О-2, D-O-1, D-O-2 және Е-1 санаттарындағы "Б" корпусы қызметшілері.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері басшылары орынбасарларының, жергілікті әкімдік басқармалары басшылары орынбасарларының, аудан әкімдері орынбасарларының және Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының «Б» корпусы қызметшілерінің ротациясы Президент Жарлығына сәйкес 2024 жылдың қазан айынан бастап енгізілді.
Сәйкесінше, бүгінде ротациялануға жататын мемлекеттік қызметшілердің саны артып отыр. Егер 2024 жылы ротацияға 127 адам түскен болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 574-ке жетті (ОМО - 300, ЖАО - 274).
Басқа өңірлерге ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсету мақсатында, Үкіметтің 2023 жылғы 6 маусымдағы № 449 қаулысына сәйкес, 2023 жылдан бастап үйді жалға алу үшін ротациялық төлемдер енгізілді.
Қазіргі таңда, ротацияланған қызметшілерге қосымша көмек көрсетуді көздейтін шаралар Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде әзірленіп отырған мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа Заң жобасында қарастырылуда.
Қоғамдық кеңес мүшелері отырыстағы талқылаулар нәтижесі бойынша ротациялау тәртібін жетілдіру және олардың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар білдірді.