Экология ұғымы өткен ғасырдың ортасында ғылымның жеке саласы ретінде қалыптасқанымен, табиғатты аялау идеясы адамзат тарихында ежелден бар. Қазақ халқының дәстүрінде табиғатты қастерлеу – өмір салтының өзегі болған. «Жер – ана, су – тіршілік көзі» деген халық даналығы осының дәлелі. Бүгінгі таңда бұл ұстаным жаңа мазмұнға ие болып, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму ұғымдарымен тығыз байланыс тапты.
Көкшетауда өткен дөңгелек үстелдің басты мақсаты да – осы дәстүр мен заманауи ғылыми көзқарасты ұштастыра отырып, жастардың табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесуге оқушылар, студенттер, магистранттар, жас ғалымдар, экология саласының мамандары және қоғам белсенділері қатысты. Филиал өкілдері экологиялық білім мен мәдениетті дамыту, жастар арасында табиғатты қорғау жауапкершілігін арттыру және жасыл бастамаларды қолдау бағыттарында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияда техносфераның экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ғылыми негіздері талқыланды. Шара қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, офлайн және онлайн форматта (ZOOM платформасы арқылы) ұйымдастырылып, қатысушыларға өз елдерінен пікір алмасуға мүмкіндік берді
Конференция барысында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы, жастардың инновациялық жобалар арқылы табиғатты қорғауға қосар үлесі кеңінен талқыланды. Мұндай шаралар жас ұрпақтың экологиялық сана-сезімін арттырып, ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтады.
Ғалымның еңбектері мен экология саласындағы зерттеулері Қазақстандағы экологиялық білім берудің дамуына үлкен серпін берген. Мұражайда оның ғылыми еңбектері, экожобалары және студенттік зертханалық жобаларға арналған материалдар ұсынылған.
Экология мен өмір қауіпсіздігі — адамзат өркениетінің өміршеңдігіне әсер ететін басты факторлардың бірі. Табиғатты сақтау тек ғылыми міндет емес, ол ұлттың рухани мәдениетінің көрсеткіші.
Көкшетауда өткен халықаралық дөңгелек үстел соның айқын дәлелі болды: бұл алаңда ғылым, тәжірибе және жас ұрпақтың бастамашылдығы тоғысты.
Онлайн форматта «Экология» және «Өмір қауіпсіздігі» бағыттары бойынша олимпиада өткізіліп, жас ғалымдардың білім деңгейі мен зерттеу қабілеті сыналды. Барлық қатысушылар сертификаттармен, ал ғылыми жетекшілер алғыс хаттармен марапатталды.