Қазақстан–Қырғызстан шекарасында үш заңсыз өткен азамат ұсталды

42

MUNARMEDIA.KZ 11.09.2025 /АСТАНА/- Жамбыл облысында шекарашылар түнгі бақылау құралдарының көмегімен Қазақстан–Қырғызстан мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге талпынған үш адамды құрықтады. Бұл туралы «Время» басылымы хабарлады.

Оқиға 10 қыркүйекке қараған түні Меркі ауданының Кеңес ауылы маңында болған. Шекаралық сызықтан небәрі 30 метр жерде байқалған тұлғалардың екеуі Алматы қаласының тумалары болып шықты. Тергеу барысында олардың екеуі де денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша іздеуде жүргені, Ішкі істер министрлігінің мәліметтер базасында қылмыстық іздеуде тұрғаны анықталды. Үшінші адам – Тәжікстан Республикасының азаматы.

Әлеуметтік желілерде бұған дейін Жамбыл облысында шекарашылар шекара бұзушыларға оқ атқаны туралы хабар тараған еді. Алайда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

Құқық бұзушылар ұсталғаннан кейін Алатау аудандық полиция басқармасына хабар беріліп, іздестіруді бастаған органдарға ресми түрде мәлімделді.