MUNARMEDIA.KZ 11.09.2025 /АСТАНА/-Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Қазатомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорнына қатысты қылмыстық іс материалдарын жария етті.
Агенттіктің мәліметінше, «Волковгеология» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарма төрағасы Дінмұхамед Молдаши бюджеттен бөлінген 86 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Бұл қылмыстық істі Алматы облысы бойынша ҚМА департаменті тергеген.
«Волковгеология» — «Қазатомпромның» геологиялық барлау мен технологиялық бұрғылау жұмыстарын қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындарының бірі. Тергеу материалдарына сәйкес, Молдаши екі жыл бойы жалған деректер енгізілген актілер арқылы ұрлық схемасын ұйымдастырған. Құжаттарда «Казбурмаш СК» ЖШС-нен қосалқы бөлшектер қабылданғаны көрсетілгенімен, іс жүзінде ешқандай жеткізілім болмаған.
ҚМА таратқан ресми ақпаратқа қарағанда, Дінмұхамед Молдаши келтірілген залалды толық өтеген.
Айта кетейік, осы қылмыстық іс бойынша бұған дейін «Волковгеология» филиалының директоры Айдын Борашев, «Казбурмаш СК» компаниясының басшысы Ерасыл Әліпбаев және бухгалтер Токатаева әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына (3 жылдан 7 жылға дейін) кесілген болатын.