Қазақстан Қашаған инвесторларымен сотта жеңілді, бірақ төрт миллиард долларлық айыппұлды төлеуді талап етуде — Bloomberg

66



Munarmedia.kz 23.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстан Экология министрлігі Қашаған кен орнындағы шетелдік инвесторларға экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынған көпмиллиардтық айыппұлды төлеу жөнінде хабарлама жіберді. Оларға бұл талапты орындау үшін 40 күн берілген. Алайда инвесторлар бұған дейін аталған іс бойынша Қазақстан билігіне қарсы апелляцияда жеңіске жеткенін мәлімдеген еді, деп жазады Bloomberg.

Даудың мәні — күкірт сақтау тәртібіндегі заңбұзушылыққа қатысты. NCOC консорциумының өкілдері тамыз айының басында соттың өздеріне тиімді шешім шығарғанын, күкіртпен жұмыс істеу барысында ешқандай заң бұзылмағанын айтқан.

Соған қарамастан, Bloomberg дерегінше, Қазақстанның Экология министрлігі елде жұмыс істейтін ірі мұнай компанияларына айыппұл күшінде қалатынын және оны өтеу үшін 40 күн берілгенін хабарлаған. Айыппұл көлемі қазіргі бағам бойынша шамамен 4 миллиард АҚШ долларын құрайды.

«Олардың (мұнай компанияларының — Ред.) айыппұлды даулауға 10 күні бар. Апелляция берілмек, алайда егер ол жүзеге аспаса, айыппұлды 30 күн ішінде төлеуге тура келеді», — деп жазады Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап.

Қашаған кен орнының шетелдік инвесторлары кіретін NCOC консорциумы бұл айыппұлды бұрын-соңды болмаған шешім деп бағалап, оның ұлттық және халықаралық құқық нормаларына қайшы екенін және Қазақстанмен жасалған өнімді бөлу туралы келісімді бұзатынын мәлімдеді.

Bloomberg-тің жазуынша, Қазақстан үкіметі қандай негізде айыппұлды қайта талап етіп отырғаны әзірге түсініксіз. Бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден Экология министрлігі де, Энергетика министрлігі де бас тартқан.

• Фото: NCOC