«Барлығына министр кінәлі» — талапкерлер конкурстың созылуына қатысты Білім министрлігін айыптады

57



Munarmedia.kz 23.08.2025 ж. /Астана/-Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ата-аналар балаларын медициналық колледждерге түсіру үшін емтихан тапсырып, құжат өткізгенін, алайда әлі күнге дейін қабылданғандардың тізімі жарияланбағанын айтып шағымдануда. Бұл жағдай талапкерлердің өзге мамандықтарға құжат тапсыруына кедергі келтіріп отыр. Ал соңғы мерзім тақап қалды.

Редакцияға ондаған ата-анадан арыз түсті. Олардың айтуынша, конкурстың нәтижесі әлі күнге дейін қолжетімсіз.

Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі оқу орындарына құжат қабылдау биыл 25 маусымда басталған. Сол кезде-ақ Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында 150 мың студентті мемлекеттік грант есебінен қабылдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Ата-аналар құжатты eGov порталы арқылы немесе тікелей колледждерге тапсырған.

«Болашақ дәрігерлер үшін бейіндік емтихандар қарастырылған. Оның нәтижесі шыққан соң оқуға қабылданғандардың тізімі жариялануы тиіс еді. Стандарт бойынша бұл 16–17 тамызда жасалуы керек. Алайда тізім шыққан жоқ. Егер бала медициналық колледжге түспесе, техникалық мамандықтарға да үлгермейді. 23 тамыз — соңғы күн. Барлығына министр кінәлі», — дейді талапкердің анасы.

Министрлік өкілдері бұл жағдайды электронды үкімет порталы мен ұлттық білім беру деректер базасындағы шамадан тыс жүктемемен түсіндірді. Соның салдарынан «уақытша қиындықтар» туындаған. Ведомствоның мәліметінше, қазір барлық техникалық ақаулар жойылып, құжат қабылдау мен конкурстық іріктеудің мерзімі ұзартылған.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі конкурстың нақты аяқталу мерзімдерін атады:

  1. шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша — 24 тамыз;

  2. педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша — 25 тамыз;

  3. орта буын мамандарын даярлау бағыттары бойынша — 27 тамыз.

Барлық сұрақ бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігіне немесе өңірлердің білім басқармаларына жүгінуге болады.

• Иллюстрация: DALL-E нейрожелісі