Munarmedia.kz 21.12.2025 /Астана/ Қасым-Жомарт Тоқаев Токиодағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетіне барып, «Тұрақсыздық дәуіріндегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: Қазақстан неғұрлым әділетті әрі орнықты әлемді қалай көреді» тақырыбында дәріс оқыды.
– Өңірімізден шыққан алғашқы Мемлекет басшысы ретінде осындай беделді оқу орнының мінберінде сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл мүмкіндікті Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің арта түскеніне көрсетілген шынайы сенімнің және көпжақтылықты ілгерілету мен жаһандық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған тынымсыз еңбегіміздің мойындалуы деп қабылдаймын. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен үшін ерекше маңызға ие, өйткені мен Бас хатшының орынбасары әрі Женевадағы өкілдіктің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы қызметтерін атқару құрметіне ие болдым, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Университет ұжымын қызметінің басталғанына 50 жыл толуымен құттықтап, БҰҰ Университетінің бүкіл халықаралық қауымдастық игілігі үшін практикалық шешімдер әзірлеуге қосып отырған үлесін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жапон этикасының негізгі қағидаттары – үйлесім, даналық пен жауапты көшбасшылық туралы түсініктер оның жеке ұстанымдарымен үндес екенін айтты.
– VII ғасырда ханзада Сётоку «үйлесім бәрінен жоғары бағалануы тиіс» деп жазған. Бүгінде бұл қағида мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастардың өзегіне айналып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс табуда, – деді Президент.