Munarmedia.kz 26.07.2025 ж./Астана/-Қазақстан үкіметі бекіткен 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында экспорттық бағыттарды қайта бағдарлау жоспары белгіленді.
Құжатқа сәйкес, 2040 жылға қарай өндіріс көлеміндегі экспорт үлесі 30%-ға дейін ұлғайтылмақ. Ал негізгі экспорттық нарық ретінде Қытай, Үндістан және Орталық Азия елдері қарастырылып отыр.
Басым бағыттар қатарында:
✔ Ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету. Урбанизация мен өнеркәсіп дамуының нәтижесінде отынға деген сұраныс жыл сайын 1,5–2% өседі деп болжануда;
✔ Мұнай-газ химиясын дамыту, соның ішінде полимерлер мен тыңайтқыштар өндірісін жолға қою;
✔ Терең өңдеу арқылы экономикалық құнды арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен елдің ЖІӨ-дегі үлесті көтеру.
Тұжырымдаманы іске асыру биылғы жылы мұнай өңдеу зауыттарын цифрландыруға бағытталған пилоттық жобадан басталады.