Қазақстан ет экспортына жасалған ақпараттық шабуылдың саяси астары

58

Munarmedia.kz 19.08.2025 ж. /Астана/-Шілде айының соңында Түрікменстанға барған қазақстандық делегация екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап берді. 20 келісім мен 7 меморандумға қол қойылып, инвестиция, туризм, агроөнеркәсіп кешені секілді стратегиялық салалардағы әріптестік бекітілді. Бұл – Астана үшін маңызды геоэкономикалық қадам еді. Дәл осы сәтте Қазақстанға қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдың жасалуы кездейсоқтық емес.

«Түрікменстан хроникасы» атты эмигранттық басылым Қазақстаннан жеткізілген еттен бруцеллез табылды деп жариялады. Әңгіме – балалар үйлеріне тараған мұздатылған өнім жайлы. Басылымның өзі Австрияда орналасқан «Түрікменстандағы адам құқықтары жөніндегі бастамамен» байланыста, ал оның түбірінде Ресейде тыйым салынған америкалық NED қоры тұр. Демек, бұл ақпараттық вброс жекелеген журналистік қателік емес, үлкен саяси технологияның бір бөлігі екені аңғарылады.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай жеткізілімнің 2025 жылы мүлде болмағанын ресми түрде растады. Дегенмен сарапшылар мұндай жалған жаңалықтардың қауіптілігін ерекше атап отыр: бір ғана сенсациялық хабар экспорттық нарықтарды жауып, бизнес құрылымдардың ондаған жылдық еңбегін жоққа шығаруы мүмкін.

Қазақстандық «Время» басылымы жалған ақпараттың әлсіз тұстарын тізбектеп берді: импорттаушы компания көрсетілмеген, өнімді тексерген органның аты аталмаған, партия көлемі де беймәлім. Ең бастысы – Түрікменстан билігі ресми түрде пікір білдірмеген. Соңында «Хроника Туркменистана» редакциясы мәліметті қазақстандық БАҚ-тағы бруцеллез деректерімен шатастырып, «қателік жібергенін» мойындауға мәжбүр болды.

Алайда мәселе мұнымен бітпейді. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бұл жағдайды геосаяси қырынан қарауға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстан мен Түрікменстан арасында ортақ ветеринарлық кеңістік жоқ. Әр партия бөлек тексеріледі, ал егер ет шынымен аурулы болса, бұл Түрікменстанның өз бақылау жүйесінің осалдығын білдіреді. «Ал енді негізгі сұрақ: еттің Қазақстаннан екенін кім дәлелдейді? Өйткені біздің тарапымыздан мұндай экспорт болмаған», – деді ол.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» өкілі Бауыржан Ахметаев болса, ветеринарияның Қазақстан экспорты үшін ең әлсіз буын екенін ашық мойындады. Еуропа нарығы да осы себептен жабық. Ол шешім ретінде толық цифрлық қадағалау жүйесін және тәуелсіз референт-лабораторияларды енгізуді ұсынды. Бұл – халықаралық деңгейде сенімділікті арттыратын нақты тетік.

Қазақстандық Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев тікелей түрікмен серіктестеріне хабарласып, ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл – жалған жаңалық, сенімсіз дереккөзге сүйенген материал», – деген жауап алған ол, мұның артында Астана мен Ашғабат арасындағы жаңадан қалыптасқан келісімдерге сызат түсіруді көздеген күштердің тұрғанын болжайды.

Статистика да фейкті жоққа шығарады: соңғы бес жылда Қазақстан Түрікменстанға ет экспорттамаған. Негізгі бағыт – Өзбекстан (қазақстандық сиыр, қой және ешкі етінің 90%-ы сол елге кетеді). Қалған өнімдер Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Иран және Кувейтке бағытталған. Құс еті түгелдей Тәжікстанға экспортталады.

Қазақстанға қарсы жасалған бұл ақпараттық шабуыл – аймақтық бәсекелестіктің бір көрінісі. Астана мен Ашғабаттың экономикалық жақындасуы біреулерге ұнамайды. Геоэкономикалық ойын алаңында ақпарат та қаруға айналған. Сондықтан Қазақстан үшін ең басты қорғаныс – өз өнімдерінің сапасын халықаралық стандарттармен дәлелдеп қана қоймай, ақпараттық қауіпсіздікті де күшейту. Бұл жағдай қазақстандық бизнестің жаһандық нарықта орнығуы үшін тек экономикалық емес, сонымен бірге саяси күрестің де жүріп жатқанын көрсетті.