Қарағандыдағы 46 шахтердің қазасына қатысты үкім шықты

48

Munarmedia.kz 19.08.2025 ж. /Астана/-Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада орын алған жарылыс пен 46 шахтердің қазасына байланысты қылмыстық істің фигуранттары сот үкімімен бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

Сот шешімімен шахта директоры Сергей Мустивко сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Шахтаның өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Вадим Еремин, бас инженер Николай Грознов және №6 учаске бастығы Виктор Коптенков жеті жылға сотталды.

Техникалық қызметтің өткел жұмыстары бойынша бас инженердің орынбасары Владимир Гоноченко алты жарым жылға, ал техника қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары Дмитрий Федоренко, бас механик Дмитрий Коцар және шаң-жарылысқа қарсы қорғау бойынша учаске бастығының көмекшісі Виталий Пестряк алты жылға бас бостандығынан айырылды. Конвейерлік тасымал учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдүшев пен желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы Владимир Шишканов бес жылға сотталды.

Сотталғандардың тергеу кезінде қамауда отырған уақыты жазаның жалпы мерзіміне есептелді.

Айыпталушылар — шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық құрам өкілдері — «жер асты кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, салдарынан адам өліміне әкелу» бабымен кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза сегіз жылды құрайды.

Прокуратура бұған дейін сотта айыпталушыларға алты жылдан сегіз жылға дейін нақты жаза сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушы олардың барлығының кінәсі толық дәлелденгенін атап өтті. Үкім Қарағанды қаласында ІІМ ҚАЖК-нің «№61 мекемесі» ғимаратында шығарылды.

Ресми деректер бойынша, жарылыстың себебі — шахтадағы қауіпсіздік ережелерін жүйелі түрде бұзу. Көмір қазу учаскесінде көмір шаңының шамадан тыс концентрациясы жарылысқа себеп болып, ол тізбекті реакцияға әкелген.

Қайғылы оқиға салдарынан 46 шахтер қаза тапты, тағы 28 адам жарақат алып, мүгедек болып қалды. Қылмыстық жауапкершілікке шахтаның басшылығы мен инженерлік құрамнан 10 адам тартылды. Бұл істе 70-тен астам адам жәбірленуші деп танылды.

Марқұм болған шахтерлердің отбасылары бұған дейін тек шахта басшылығын ғана емес, сонымен бірге компания — «АрселорМиттал Темиртау» басшылығын да жауапқа тартуды талап еткен.

Адвокаттар керісінше айыптауды тоқтатуды және бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы 28 қазанға қараған түні Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 46 шахтер қаза тапқан еді. Бұл — соңғы 30 жыл ішінде үндістандық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі «АрселорМиттал Темиртау» компаниясының иелігіндегі шахталарда тіркелген ең ірі апат болды. Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы шахталар мен металлургиялық комбинаттың жаңа инвесторға берілетінін мәлімдеген болатын.