ASTANA. 30.05.2026. Munarmedia.kz – Қазақстанда жойылып кету қаупі бар сирек жануарларды табиғи ортаға қайта бейімдеу жұмыстары жалғасуда. Осы орайда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Пржевальский жылқылары жабайы табиғатқа жіберілді.
Реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанға Чехияның Прага қаласынан бір айғыр және Венгриядағы Хортобадь ұлттық паркінен төрт бие жеткізілген болатын.
Мамандардың мәліметінше, жануарлар бір жыл бойы арнайы бақылауда болып, жергілікті табиғи ортаға бейімделу кезеңінен өтті. Осы уақыт ішінде олар ветеринарлар мен халықаралық сарапшылардың қадағалауымен қазақстандық даланың климаттық ерекшеліктеріне үйреніп, қыс мезгілін сәтті өткерді.
Бақылау нәтижелері жылқылардың жаңа ортаға толық бейімделгенін көрсеткен соң олар табиғи мекендеу ортасына босатылды. Енді жануарлар еркін тіршілік етіп, популяциясын табиғи жолмен көбейтуге мүмкіндік алады.
Экологтардың айтуынша, бұл жоба Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау және тарихи тұрғыдан далалық экожүйеде мекендеген жануарлар түрлерін қалпына келтіру бағытындағы маңызды қадам саналады.
Айта кетейік, Пржевальский жылқысы – әлемдегі соңғы жабайы жылқы түрлерінің бірі. ХХ ғасырдың ортасында табиғатта жойылып кеткен бұл жануар кейін халықаралық табиғат қорғау бағдарламаларының арқасында қайта көбейтіліп, бірқатар елде табиғи ортаға жіберіле бастады.
#Қазақстан #АлтынДала #ПржевальскийЖылқысы #ЖабайыТабиғат #Экология #Биоалуантүрлілік #ТабиғаттыҚорғау #MunarMedia