Қазақстан Иранның байытылған уранын сақтайтын елге айналуы мүмкін – МАГАТЭ

75

ASTANA. 30.05.2026. Munarmedia.kz – Қазақстан АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздердің нәтижесінде ирандық байытылған уран қорын сақтауға тартылуы мүмкін. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси Financial Times басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.

Гроссидің айтуынша, Қазақстан билігімен өткен соңғы кездесулер барысында елдің Иранның уран қорын қабылдауға дайын екені талқыланған. Мұндай мүмкіндік Вашингтон мен Тегеран арасындағы болашақ келісімнің бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

МАГАТЭ басшысы Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесіне тоқталып, Өскемен қаласында агенттік бақылауындағы Төмен байытылған уран банкі жұмыс істейтінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл нысан ядролық материалдарды халықаралық талаптарға сай қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың бағалауынша, Иранның байытылған уранының болашақ тағдыры қазіргі америкалық-ирандық келіссөздердің негізгі мәселелерінің бірі болып отыр. Тараптар алдағы екі ай ішінде ең алдымен осы қорларды сақтау немесе жою тетіктерін келісуге ниетті.

Бұған дейін, 29 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп жоғары деңгейде байытылған уран америкалық тараптың бақылауымен жер астынан шығарылып, толық жойылуы тиіс екенін мәлімдеген болатын.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық кездесулер барысында елімізде әлемдегі бірегей нысан – МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі орналасқанын бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысы тиісті халықаралық келісімдер нақты іске аса қалған жағдайда Қазақстан Иранның ядролық мәселесін бейбіт жолмен реттеуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген.

Қазақстанның ықтимал қатысуы еліміздің ядролық қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік саласындағы беделін тағы бір мәрте айқындай түсуі мүмкін.

#Қазақстан #Иран #МАГАТЭ #Уран #ЯдролықҚауіпсіздік #Тоқаев #ХалықаралықҚатынастар #MunarMedia