Ақмола облысының реновация тәжірибесі бүкіл Қазақстанға енгізіледі

69

KOKSHETAU. 30.05.2026. Munarmedia.kz – Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан реновация және заманауи урбанистика тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне таратылмақ. Бұл туралы Көкшетауда өтіп жатқан «AQMOLA URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация» форумында айтылды.


Президент тапсырмасына сәйкес Ақмола облысының қалаларды жаңғырту және кешенді дамыту бойынша қалыптасқан тәжірибесі бүгінде республикалық деңгейде үлгі ретінде қарастырылып отыр. Осыған байланысты форумға Қазақстанның барлық облыстарынан келген мемлекеттік органдардың, құрылыс саласының және қала құрылысы бағытындағы сарапшылардың өкілдері қатысуда.


Форум барысында қалаларды дамытудағы жаңа тәсілдер талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстанда нүктелік әрі жүйесіз құрылыс салу тәжірибесінен кезең-кезеңімен бас тартып, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық кеңістіктерді алдын ала жоспарлайтын кешенді кварталдық құрылыс моделіне көшу көзделіп отыр.

Ақмола облысында реновация бағдарламасы аясында бүгінге дейін 23 тозығы жеткен тұрғын үй сүріліп, олардың орнына 10 жаңа тұрғын үй кешені бой көтерді. Соның нәтижесінде 248 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.

Биыл тағы 70 апатты тұрғын үйді бұзу және 1200 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін өңірдегі 18 мыңнан астам тұрғынның тұрмыс жағдайын жақсарту көзделіп отыр.


Өңірдің ерекшелігі – реновация бағдарламасының тек облыс орталығында ғана емес, аудандық деңгейде де іске асырылуы. Осылайша Ақмола облысы жаңғырту жұмыстарын Көкшетаудан тыс аумақтарға таратқан Қазақстандағы алғашқы өңірге айналды.

Соңғы жылдары Көкшетау қаласының сәулеттік келбеті де жаңара түсті. Қалада бірыңғай дизайн-код енгізіліп, көркем муралдар салынды. Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Көк Шалғын» ауқымды жобасы жүзеге асырылып, қаланың негізгі қоғамдық кеңістіктері мен демалыс орындары біртұтас жасыл экожүйеге біріктірілді.


Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Ақмола кейсі» негізінде әзірленген әдістемелік ұсынымдар қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірлеріндегі салалық ведомстволарға жолданған. Бұл тәжірибе алдағы уақытта Қазақстан қалаларын кешенді дамытуға бағытталған тиімді модельдердің бірі ретінде қолданылмақ.

#AQMOLAUrbanForum #Көкшетау #АқмолаОблысы #Реновация #Урбанистика #ҚалаҚұрылысы #ТұрғынҮй #Қазақстан #MunarMedia