Қазақстан цифрлық трансформация жолында

122

MUNARMEDIA.KZ 09.09.2025 /АСТАНА/-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында әлемдік өзгерістер мен жасанды интеллект дәуірінің басталуына орай ел дамуының жаңа стратегиялық бағдарларын айқындады. Мемлекет басшысы Қазақстан алдағы үш жылда толыққанды цифрлық державаға айналуы тиіс екенін атап өтті.

Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігі

Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқарады. Сонымен қатар, жасанды интеллект, үлкен деректер мен платформалық экономиканы реттейтін Цифрлық кодекс қабылданбақ. Жасанды интеллект енгізу экономиканың барлық саласын қамтиды: өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап, жерді ғарыштан бақылау мен табиғи ресурстардың цифрлық картасын жасауға дейін.

Инвестициялық саясаттағы жаңа бағыт

Үкімет инвестициялық саясатты қайта қарап, басымдықты өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологияларға бермек. Премьер-министрге 10 күн ішінде инвестиция тарту рәсімдерін жеңілдету бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Ұлттық қор орнықты даму құралына айналып, болашағы зор жобаларды қаржыландырады. Бұған қоса, криптовалюталық резервтерді жинақтайтын Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылады.

Алатау — инновация орталығы

Алатау қаласына ерекше мәртебе беріліп, ол елдің басты инновациялық орталығына айналады. Мұнда заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптасады. Энергетикада жаңа АЭС салу және көмір генерациясын экологиялық технологиялар арқылы жаңғырту жоспарланған. Көлік саласы теміржол мен автожолдардың жаңғыртылуы, өткізу бекеттерінің кеңеюі және Smart Cargo жүк платформасының іске қосылуы арқылы жаңа серпін алады.

Аграрлық сектор және су ресурстары

Ауыл шаруашылығы терең өңдеуге және экспортқа негізделген прогрессивті агроэкономикаға көшеді. Жер ресурстары электронды конкурстар арқылы ашық бөлінеді. Су саласында шығындарды азайтып, ресурстарды есепке алатын цифрлық платформа құрылмақ.
Экологиялық сананы көтеру «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы арқылы мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналады.

Әлеуметтік саладағы өзгерістер

Денсаулық сақтау мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары цифрландыру және жеке инвестициялар есебінен жаңғырады. Білім беру жүйесінде жасанды интеллектті мектеп қабырғасынан бастап үйрету көзделген. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланып, олардың мәртебесін көтеру қолға алынады. Сондай-ақ, көші-қонды есепке алу үшін цифрлық жүйе енгізіліп, демографиялық деректерді талдау орталықтары ашылады.

Саяси реформалар

Президент Парламентті бір палаталы үлгіге көшіру мәселесін де көтерді. Депутаттар тек партиялық тізім бойынша сайланатын бұл реформа 2027 жылы референдумға шығарылмақ. Ал оған дейін қоғамда ашық талқылау жүргізіледі. Бұл бастама «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын нығайтуды көздейді.

Қазақстанның жаңа бағыты — цифрландыру мен жасанды интеллектке сүйенген жаңғыру. Бұл жолда ел дамуының саяси, әлеуметтік және экономикалық негіздері түбегейлі қайта құрылмақ.