Munarmedia.kz 13.12.2025 /Астана/ Қазақстан азаматы Германия азаматтарының банктік шоттарынан қаражат ұрлады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Zakon.kz басылымы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2025 жылғы 11 желтоқсанда таратқан ақпаратына сілтеме жасап хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 9 желтоқсанда ҚР ҰҚК Бас прокуратураның үйлестіруімен және Германияның Федералдық қылмыстық полициясымен бірлесіп киберқылмыстық қызметтің жолын кесуге бағытталған жедел іс-шаралар өткізген.
«Жедел шаралар барысында Алматы облысында компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, Германия Федеративтік Республикасының аумағында банктік шоттар мен жеке деректерге заңсыз қол жеткізді деген күдікке ілінген Қазақстан Республикасының азаматы анықталып, ұсталды», — делінген ҰҚК хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктінің қылмыстық әрекеттерінен келтірілген залал көлемі бірнеше жүз мың еуроны құрайды.
Тінту жұмыстары кезінде деректерді сақтауға арналған техникалық құрылғылар мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.