Munarmedia.kz 13.12.2025 /Астана/ Алматы қаласында пойызда газдан улану дерегі тіркеліп, салдарынан 50-ден астам адам зардап шекті. Оқиға орнына жедел медициналық көмектің 13 бригадасы жұмылдырылған. Бұл туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі «РИА Новости» агенттігіне хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, барлығы 52 адам, оның ішінде балалар да бар, түрлі деңгейде улану белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің барлығы тексеруден өту және қажетті медициналық көмек көрсету үшін қала стационарларының қабылдау бөлімдеріне жеткізілген.
Тексеру нәтижелері бойынша 10 бала ауруханаға жатқызылған. Олардың екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, қалғандары бейінді бөлімшелерге орналастырылған. Қалған науқастарға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген.
«Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Олардың барлығы қажетті көлемде медициналық көмекпен қамтамасыз етілді», — деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық теміржол операторы улану дерегіне қатысты түсініктеме беріп, Алматы-2 теміржол вокзалына пойыз келген сәттегі көмірқышқыл газымен улануға ұлттық тасымалдаушының қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
ҚТЖ деректеріне сәйкес, улану болған пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілі емес және жеке тасымалдаушының меншігінде. Сондай-ақ аталған вагондар киностудияға түсірілім жүргізу үшін берілгені, ал оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатқаны хабарланды.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факті бойынша Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
Оқиға куәгерлерінің бірі журналистерге пойызда оңтүстіккореялық фильмнің түсірілімі жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, адамдар суықтан газ жанарғысының маңында жылынуға мәжбүр болған.
«Барлығы дайын болған соң, кореялық түсірілім тобы соңғы сәтте жылы вагонға орналасты да, бізді — әйелдер мен балаларды қоса алғанда — мұздай суық вагонға кіргізді. Түсірілім аяқталғаннан кейін бізді тағы бір суық вагонға ауыстырды. Сол жерге газ жанарғысын әкелді. Оның айналасына бірден шамамен 50 адам жиналды, балалар ең жақын жерде отырды», — деді куәгер.
Оның айтуынша, арада көп уақыт өтпей-ақ әйелдер мен балалардың есінен тана бастағаны байқалған. Осыдан кейін адамдарды кореялық түсірілім тобы отырған вагонға жедел түрде эвакуациялай бастаған.