Каспий дағдарысы: Қазақстан қайтадан КТК-ға бет бұрды

48

Munarmedia.kz 18.08.2025/Астана/-Қазақстан айтарлықтай көлемдегі мұнай ағынын Баку–Тбилиси–Жейхан (БТД) құбырынан Каспий құбыр консорциумына (КТК) қайта бағыттады. Бұған Түркиядағы Жейхан портына жеткізілген әзербайжандық «Azeri Light» маркалы мұнайдың органохлоридтермен ластануы себеп болды. Ластану фактісінен кейін күшейтілген тексерістер басталып, жүктердің тиеу мерзімі кешеуілдеп жатыр.

«БТД бойындағы партиялардың араласуы тек жергілікті тасымалға ғана емес, Қазақстан мен Түрікменстан мұнайына да әсер етті. Салдарынан “жеңіл” мұнай түрлерінің бағалық үстемесі төмендеп кетті. Тарихи тұрғыда Қазақстан экспортының 80%-ға жуығы КТК арқылы өтеді. Новороссийск портының қуаты мен логистикасы сыналған, бұл бағытты дағдарыс жағдайында әлдеқайда сенімді етеді. Бұл диверсификациядан бас тарту емес. 2025 жылы БТД арқылы 1,7 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары сақталғанымен, оқиға каспийлік бағыттың сапа мен теңіз логистикасына тәуелді әлсіз тұстарын көрсетті», – делінген «Госплан ENERGO» арнасының шолуында.

Сарапшылардың пікірінше, Астананың уақытша бағытын өзгертуі – халықаралық келісімшарттар бойынша айыппұлдардан қашу және экспорттық табысты жоғалтпауға бағытталған амал. КТК-ны таңдауға мәжбүрлік бар, бірақ бұл прагматикалық әрі қауіпсіз шешім болып отыр. Ал Әзербайжан мен Түркия үшін мұндай кідірістер табысқа да, беделге де соққы болды. Ресей ғылым академиясы жанындағы ИКСА Кавказ зерттеулері секторының жетекшісі Евгения Горюшинаның айтуынша, бұл жағдай Баку мен Анкараның мұнай транзитінен түсетін кірістерін күрт төмендетті.

Түрікменстан сарапшылары да дабыл қағуда: «Әзербайжан мұнайындағы ластану Еуропаға бағытталған түрікмен мұнай өнімдерінің экспортын да тоқтатты. Шілденің соңынан бері Каспий теңізі арқылы Әзербайжан мен Қазақстан мұнайының жеткізілімі тоқтап, Қазақстан КТК құбырына одан бетер тәуелді болып қалды. Оның өткізу қабілеті тәулігіне 1,8 млн баррельді құрайды».

Әзербайжан ресми деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында БТД арқылы Түрікменстан мен Қазақстан мұнайының транзиті 2,6 млн тонна болып, жалпы көлемнің 16,2%-ын құраған.

Ластану проблемасы алғаш рет 24 шілдеде тіркелді. Құбырдың негізгі операторы әрі Әзербайжандағы ең ірі мұнай өндіруші компания – British Petroleum алғаш болып дабыл қаққан. Сондай-ақ италиялық Eni SpA энергетикалық компаниясы да «Azeri Light» партиясының бүлінгенін хабарлаған. BP мамандары бұл мәселе бүкіл жеткізу тізбегіне, соның ішінде тәулігіне шамамен 575 мың баррель мұнай түсетін Жейхан портына әсер етуі мүмкін екенін ескерткен.

Қазірдің өзінде салдар сезілуде: «Azeri Light» премиясы **4 доллардан астам деңгейден барреліне 0,45 долларға дейін құлдырады. Бұл сенімнің әлсіреп, аталған бағыттың бәсекеге қабілеттілігінің төмендегенін айғақтайды.

Жағдайға қатысты түрлі болжамдар да тарауда. «360» телеарнасының хабарлауынша, румындық «G4Media» басылымы мен әзербайжандық «Haqqin» платформасы мұнайдың ластануын «Мәскеудің қасақана араласуы» мүмкін деп көрсетті. Алайда нақты дәлелдер ұсынылмаған.

Айта кетерлігі, осы оқиғаға дейін Әзербайжан президенті әкімшілігіндегі дереккөздер Бакудің Мәскеуді айыптайтын ақпараттық науқан жүргізгенін, оның мақсаты – Каспийдегі өз өндірісіндегі экологиялық қателіктерден назарды басқаға аудару және Батыс компанияларымен қолайлы экономикалық қатынасты сақтап қалу екенін жеткізген болатын.