Munarmedia.kz.03.08.2025 ж. /Бішкек/-Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалық деңгейге көтерілуде. Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртөлеу Қырғызстанға ресми сапары аясында Қырғыз Республикасы сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары — экономика, логистика, мәдениет және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Экономика — басымдық берілген басты бағыт. Тараптар өзара сауда айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру жөніндегі ниетті растады. Бұған қоса, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту және бірлескен инвестициялық жобаларды жандандыру мәселелері сөз болды. Осы тұрғыда 2026 жылы екі ел шекарасында индустриялық сауда-логистикалық хаб құру бастамасы ұсынылып, оның іске қосылуы пысықталды.
Энергетика, көлік, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және көші-қон салалары да күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды. Министрлер қазіргі саяси диалог деңгейіне жоғары баға беріп, оны парламентаралықтан өңіраралық деңгейге дейін барлық бағытта нығайтуға дайын екендерін білдірді.
Мәдени-гуманитарлық салаға да айрықша мән берілді. Қазақстанда Қырғызстан мәдениет күндерін сәтті өткізу тәжірибесінен кейін, 2025 жылы Бішкекте «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылуы, қазақ киносының фестивалі және жастар форумы жоспарланып отыр. Бұл екі ел халқы арасындағы рухани жақындастықты тереңдетуге бағытталған нақты қадамдар болмақ.
Министрлер сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық алаңдарда өзара қолдауды жалғастыра беретіндерін мәлімдеді. Сапар қорытындысында 2025–2027 жылдарға арналған кешенді ынтымақтастық жоспарына қол қойылып, Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысының шешімі парафирленді. Аталған отырыс жақын арада екі ел президенттерінің қатысуымен өтпек.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке сапарына дайындық та бөлек тақырып ретінде қарастырылды. Сарапшылар бұл сапарды қазақ-қырғыз қатынастарының жаңа кезеңі ретінде бағалауда.
Munarmedia.kz дипломатиялық шолуы