Munarmedia.kz. 22.07.2025 ж. /Астана/-2025 жылдың шілде айының ортасына қарай елімізде бірінші сыныпқа 273 643 бала қабылданды. Олардың 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алуды таңдаған. Құжат қабылдау науқаны әлі жалғасып жатқанына қарамастан, қалыптасқан үрдіс анық: қазақ тілі Қазақстанда табиғи жолмен басым тілге айналып келеді.
Бұл – бір сәтте жүзеге асатын өзгеріс емес. Мемлекеттік тілдің толыққанды қоғамдық қатынас құралына айналуы үшін кемінде бірнеше ұрпақтың алмасуы қажет. Алайда бұл — күштеусіз, ерікті, саналы таңдау. Кеңестік кезеңде қалыптасқан буын бұрынғыша өзіне ыңғайлы тілде сөйлей береді, ал олардың немерелері мүлде басқа тілдік ортада өсіп келеді.
Қазақстандағы тілдік ахуалдың басты артықшылығы — көптілділік. Балалар жас кезінен бастап қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеріп, мектепте ағылшын тілін де еркін үйренуде. Бұл үрдіс жаңа буын қазақстандықтардың нағыз полиглот болуына жол ашып отыр. Олар үш тілді еркін меңгеріп қана қоймай, соның арқасында жаһандық әлемде бәсекеге қабілетті ұрпаққа айналуда.
Қазақ тілі – мемлекеттіліктің тірегі ғана емес, болашақтың да тілі. Оның жаңа буын арасындағы табиғи үстемдігі — тарихи әділеттің және тәуелсіздіктің жемісі.