Munarmedia.kz. 22.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстан Көкшетауда жаңа жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысын ресейлік қатысусыз бастап кетті. Бұған дейін бұл жоба Ресеймен арадағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге аспақ болған: бас мердігер ретінде «Интер РАО» компаниясы, ал қаржыландыруды төмен пайызбен Ресей банктері ұсынуы тиіс еді. Аталған келісім бойынша Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ЖЭО салуға шамамен 2,7 миллиард доллар бөлінуі тиіс болатын. Алайда, Қазақстан жағы Ресей тарапынан нақты қаржылық кепіл ала алмаған.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, «бюджет бұл жобаны өз күшімен де көтере алады». Дегенмен, биылғы мамырда энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс қаржы көздері табылмаса, Қытай мен Оңтүстік Кореяның инвесторларын тарту қажеттігін мәлімдеген еді. Бұл сөздерден жобаның тек мемлекеттік бюджетпен қаржыландырылатынына сену қиын. Шын мәнінде, Қазақстан өзге қаржы көздерін іздеуге мәжбүр болып отыр – енді басты сұрақ: жаңа несие кімнен, қандай пайызбен және қандай шарттармен алынады?
Соған қарамастан, оң сәт те жоқ емес. Қазақстан билігі Мәскеудің көмегін ұзақ күтпей, қажетті шешімді уақытылы қабылдады. Өйткені бұл жерде мәселе тек геосаяси келісімдерде емес, ел ішінде жылу мен электр энергиясына деген нақты қажеттілікте жатыр.
Көкшетау қаласы жыл сайын жылу тапшылығы мәселесін өткір сезінеді. Жаңа ЖЭО – аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам. Бұл ретте Ресейге тәуелділікті азайту ғана емес, Қазақстанның өз егемендігі мен шешім қабылдау қабілетін нығайтуы да маңызды.
Үкіметтің әрекетін бюджет ерлігі деуге келмейді. Бірақ бұл – уақыт жоғалтпай, нақты іске кіріскен, прагматикалық шешім. Ал геосаяси жағдайдың құбылмалы екенін ескерсек, жобаны дербес жүзеге асыру – тәуелсіздік пен ұлттық мүдде тұрғысынан ұтымды қадам.