Munarmedia.kz. 22.07.2025 ж. /Астана/-Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада 450 метрлік жасырын тоннель анықталып, оның арқылы жанар-жағармай өнімдері заңсыз тасымалданған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.
Халықаралық қылмыстық топтың әрекеті ҚМА мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен операциясы барысында, прокуратураның үйлестіруімен әшкереленген. Тоннель арқылы жүргізілген контрабандалық схема шамамен екі ай бойы жұмыс істеп келген.
"Осы уақыт ішінде ұйымдасқан топ шетелден қаржыландырылып, нақты логистика жүйесін құрып, жанар-жағармайды шекара асырып шығарудың тұрақты арнасын жолға қойған", – делінген ресми хабарламада.
Айта кету керек, арнайы операция тек Қазақстан аумағында ғана емес, Өзбекстанда да параллель жүргізілген. Өзбек құқық қорғау органдары да өз аумағында қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша әрекет жасаған.
Тергеу амалдары толық аяқталып, іс сотқа жолданды.
Бұл жағдай шекаралық өңірлерде ұйымдасқан қылмыстық топтардың әлі де белсенді жұмыс істеп отырғанын және энергетикалық ресурстар контрабандасының кең көлемге таралғанын көрсетеді. Шекараны заңсыз кесіп өту үшін жер астынан тоннель қазу – соңғы жылдардағы ең сорақы схемалардың бірі ретінде тіркеліп отыр.