Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары құбырсыз су тарту технологиясының далалық сынақтарын жүргізіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – тік дренаж ұңғымаларын орнату мен пайдалану кезінде шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу.
Бұл технология ұңғымаларды жабдықтауға жұмсалатын қаражатты едәуір азайтуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Мұның себебі – су көтеруге арналған құбырлар қолданылмайды, сондықтан оларды сатып алу, тасымалдау және орнатуға кететін шығындар қажет болмайды. Бұдан бөлек, сорғыны ауыстыру немесе жөндеу кезінде орнату мен бөлшектеу жұмыстары жеңілдеп, олардың бағасы да төмендейді. Ал су қысымының жоғалуы төмендегендіктен, электр энергиясын тұтыну да қысқарады.
Егер сынақ нәтижесінде тәжірибелік үлгінің экономикалық тиімділігі расталса, ұсынылып отырған құбырсыз су көтеру технологиясы ауыл шаруашылығында, елді мекендерді сумен жабдықтауда және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарында кеңінен қолданылуы мүмкін.
Қазақ ғалымдары жерасты суын тартудың жаңа технологиясын сынақтан өткізіп жатыр