Munarmedia.kz 13.11.2025 /Астана/-Ақмола облысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Өңір әкімдігі жариялаған ресми деректерге сүйенсек, бұл жыл облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтып қана қоймай, инвестициялар тарту, тұрғын үй мәселесін шешу және инфрақұрылымды дамыту бағытында айқын серпін берген кезең болды.
Ақмола облысы – Қазақстанның басты астықты аймақтарының бірі. Биыл егіс алқабы 5,5 миллион гектарға жетіп, гектарынан орташа өнімділік 16,3 центнерді құрады. Нәтижесінде 7,6 миллион тонна астық жиналды, оның 70%-ы жоғары сапалы өнім болып табылады.
«Ақмола астығы жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері 3,5 млн тоннадан астам астық экспортталды. Эстонияның Muga Grain терминалымен жасалған меморандум аясында 209 мың тонна астық Италияға, Бельгияға және Эстонияға жөнелтілді», – деді өңір әкімі Марат Ахметжанов.
Майлы дақылдар да назардан тыс қалмай, соңғы екі жылда олардың егіс көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 500 мың гектарға жетті. 600 мың тоннаға жуық өнім жиналып, ауыл шаруашылығы өнімінің қосымша құны 100 миллиард теңгені құрады. Агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне биыл 250 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 62 миллиард теңгеге 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды.
Мал шаруашылығында да тұрақты өсім байқалады: сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту, елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.
Инвестициялар тарту мен индустриялық даму
Жыл басынан бері Ақмола облысына 660 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 250 миллиард теңгеге көп. Инвестиция тартудың негізгі драйвері – төрт индустриялық аймақ, оның ішінде республикалық «АҚМОЛА» аймағы.
«Республикалық индустриялық аймақ инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылады, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті әкім.
Астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталды: инвестиция көлемі – 1,8 млрд АҚШ доллары. Жылына 3 млн тонна астық өңделмек. Сонымен қатар, клинкер, қаптама кірпіш, пестицид және тыңайтқыш шығаратын зауыттар салынатын болады. Қазан айында екінші ірі астық өңдеу кешенін салу жөніндегі келісімге қол қойылды, инвестиция көлемі – 1,5 млрд АҚШ доллары, онда 1 000 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өнеркәсіп пен құрылыс: өңірдің нық тірегі
Ақмола облысы өнеркәсіп саласында да көшбасшы болып отыр. Өңдіріс көлемі 2 триллион теңгені құрады. Облыс машина жасау саласында Қазақстан бойынша жетекші орын алады: теміржол подшипниктерінің 100%-ы, арнайы автомобильдердің 84%-ы және астық жинайтын комбайндардың 50%-ы осы жерде өндіріледі.
Құрылыс саласында да маңызды нәтижелер бар. Өңірдегі зауыттар 250 миллион кірпіш шығарады, ал бұл көрсеткіш алдағы уақытта үш есеге артады. Бүгінде елдегі құрылыс кірпішінің 40%-ы Ақмола облысында өндіріледі.
Тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым
Биыл 7 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, оның 2 мыңы – әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері. Әкімнің айтуынша, «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі әлеуметтік тұрғын үйді тез салуға мүмкіндік береді. Биыл 750 пәтер сатып алынған, ал реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерлік 11 көпқабатты үй салынды.
Қосшы қаласында 543 пәтерлі тұрғын үй кешені бой көтерді, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді.
Инфрақұрылым мен энергия: заманауи шешімдер
Ағымдағы жылы облыста жылу беру жүйелері жаңартылды: 40 км жылу желілері ауыстырылып, 59 қазандық жаңартылды. 77 ауыл сумен қамтамасыз етіліп, 17 ауылдағы су құбырлары желілері реконструкцияланды. Электр желісі бойынша 165 км жаңа желі іске қосылады, бұл астана маңындағы 30 мыңнан астам тұрғынды жарықпен үздіксіз қамтамасыз етеді. Газдандыру да жалғасуда: биыл 115 мың адам, ал келесі жылы 226 мың адам табиғи газға қол жеткізеді.
Жолдар мен туризм: өңірдің дамуы
Соңғы үш жылда облыста 2,5 мың шақырымнан астам жергілікті жолдар мен көшелер жаңартылды. 2025 жылы жол құрылысына 115 миллиард теңге бөлінді.
Ақмола облысы туризм саласында да көшбасшылар қатарында. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елдегі туризмнің үш негізгі орталығының бірі болып есептеледі. Биыл курорттың көркем жерлерінде 8 алаң, заманауи веложолдар салынды, Бөлектау эко жаяу жолы ашылды, тікұшақ экскурсиялары енгізілді, шағын әуежай ашу мәселесі пысықталуда.
қмола облысының цифрлық трансформациясы: аграрлық сектор цифрлық технологияларға қосылады
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ауқымды цифрландыруға дайындыққа қатысты қойылған сұраққа жауап берген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде жасанды интеллект енгізілген Digital Aqmola орталығы құрылғанын атап өтті.
Облыс басшысының айтуынша, бүгінде 28 шаруашылық орталыққа қосылып, толық цифрландырылған. Жасанды интеллект жүйесі шаруашылықтарға егіншілік пен ауыспалы егіс жүргізудің тиімділігін, сондай-ақ жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ұсыныстар береді. Нәтижесінде өнімділік 5–6 центнерге дейін ұлғаяды. Тағы 140 шаруа қожалығы орталыққа қосылуға өтініш берген.
Сонымен қатар, Марат Ахметжанов цифрландырудың тиімділігіне назар аударды. Оның айтуынша, цифрландырылған шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларын бір рет басу арқылы алу мүмкіндігіне ие.
Digital Aqmola орталығында ауыл шаруашылығы саласымен қатар, денсаулық сақтау саласы да цифрландыру жүйесіне енгізілген.
Ақмола облысы агроөнеркәсіптен өнеркәсіпке, тұрғын үй құрылысынан инфрақұрылым мен туризмге дейінгі барлық салаларда айқын серпін көрсетіп отыр. Бұл – өңірдің стратегиялық дамудың көпвекторлы моделін жүзеге асырып, ел экономикасына елеулі үлес қосып отырғанының нақты дәлелі. Болашақта да Ақмола облысы инновациялық жобалар мен халықаралық нарықтарды кеңейту арқылы Қазақстанның экономикалық дамуына өз үлесін одан әрі арттыра береді.
Баяжума Асылбек