Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл халықаралық кездесулердің қорытындысы бойынша 70 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды»

37

Munarmedia.kz 26.12.2025 /Астана/ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаты мен экономикалық даму басымдықтары туралы пікір білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан көршілес елдермен және барлық мүдделі мемлекеттермен достық қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.

«Біздің мақсаттарымыз бен басымдықтарымыз өзгермейді. Бұл — елдің егемендігін нығайту, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуына бағытталған міндеттерді шешу. Әрбір саммит, жоғары деңгейдегі әрбір кездесу, әрбір бизнес-форум еліміздің халықаралық беделін күшейтуге және экономикалық әлеуетін арттыруға нақты пайдасын тигізеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі таңда әлемде инвестиция тарту жолындағы бәсекелестік күрт күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы Орталық Азия мен Закавказьедегі ең ірі экономика болып саналса да, Үкімет алдында енді сапалы өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке ерекше жағдайларда үйлесімді, прагматикалық саясат жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұл саясат артық академиялық көзқарастан және шамадан тыс сақтықтан ада болуы тиіс.

«Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулердің қорытындысы бойынша 70 млрд АҚШ долларынан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның нәтижесінде елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылуда», — деп түйіндеді Президент.