Қазақстанда үш жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды

45

Munarmedia.kz 26.12.2025 /Астана/ Қазақстанда «Қорқыт Ата», «Ақтөбе» және «Атырау» атты үш жаңа арнайы экономикалық аймақ (АЭА) өз жұмысын бастады. Бұл бастама инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

2024 жылдан бастап елде «көп инвестиция – көп жеңілдік» қағидаты енгізілді. Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жобалар үшін арнайы экономикалық аймақтар аумағында жерді мерзімінен бұрын сатып алу тетігі іске қосылды. Бұл инвесторлар үшін жобаларды іске асыру үдерісін жеделдетіп, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Осынымен қатар, қолданыстағы арнайы экономикалық аймақтардың аумақтары мен қызмет бағыттары да кеңейтілуде. Атап айтқанда, «Ақтау теңіз порты», «Қорғас – Шығыс қақпасы» және «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақтарының аумағы ұлғайып, басым қызмет түрлерінің тізбесі толықтырылды.

Аталған өзгерістер бизнес жүргізу, логистика және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.