Munarmedia.kz 04.11.2025 жыл /Астана/ Қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева әлеуметтік желілерде жариялаған даулы мәлімдемелерінен кейін сот үкімімен үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Мұхамадиеваны ұлттық алауыздықты қоздырды деп танып, оған төрт жарым жыл мерзімге жаза тағайындауды сұраған еді.
Тергеу материалдарына сәйкес, Мұхамадиеваның әлеуметтік желілердегі жазбалары қоғамда теріс пікір туғызып, ұлтаралық түсініспеушілікке түрткі болуы мүмкін деген қорытынды жасалған. Сараптамалық зерттеу бұл тұжырымды растады. Прокурордың айтуынша, айыпталушының мәлімдемелері «қазақ халқының ұлттық сезімін қорлап, қоғамдық келісімге қауіп төндірген».
Соңғы сөзінде Алика Мұхамадиева өз әрекетіне өкінетінін айтып, тағы да кешірім сұрады. Оның сөзін eKaraganda порталы жариялады:
«Құрметті сот, мен айтарымды алдыңғы отырыстарда айттым. Бірақ бүгін тағы да өзім ренжіткен барлық адамдардан кешірім сұраймын. Маған өте ұят. Соттан кінәмді толық мойындап, өкінгенімді және кішкентай қызымның бар екенін ескеруді өтінемін. Барлығын жоғалтқанда ғана қадірін түсінесің екен. Қазір мен қызымның қасында болу үшін бәрінен де бас тартуға дайынмын».
Сот үкімі бойынша Мұхамадиева үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда оның кішкентай баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі үкім шыққан күннен бастап бес жылдан аспауы тиіс.