Munarmedia.kz 04.11.2025 жыл /Астана/ Қазақстандық кинематограф тағы бір даулы жағдайдың ортасында қалды. Америкалық киноакадемия режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» фильмін «Оскар» сыйлығының «Халықаралық үздік көркем фильм» номинациясындағы бәйгеден алып тастады. Бұл шешімнің себебі туындының мазмұнында емес, мүдделер қақтығысы анықталғаны туралы хабарламада.
Картинаның продюсері Ерлан Бухарбаевтың айтуынша, «Оскар» сыйлығының әкімшілігі хоррор жанрындағы «Кадет» фильмін аталған категориядан шығару жөнінде шешім қабылдаған. Бұған Қазақстан кинематографистер лигасының өтініші түрткі болған. Ұйым өкілдері фильмнің операторы Еркінбек Птыралиев ұлттық іріктеу комиссиясының құрамында болғанын және ол өз картинасын қолдап дауыс беруі мүмкін екенін мәлімдеген.
«Бұл шындыққа жанаспайтыны, әрі ресми түрде дәлелденгеніне қарамастан, жағдай осылай өрбіді. Лиганың басшысы айтып жүрген «беделге нұқсан келтіру қаупі» шын мәнінде жеке көзқарас пен келіспеушіліктің салдары болып шықты», — деп жазды Бухарбаев әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ал Кинематографистер лигасы бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ұйым өкілдері жолданған хатта тек ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау, сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау мәселесі ғана қозғалғанын атап өтті.
«Бұл жерде нақты фильмдер немесе тұлғалар емес, кәсіби стандарттарды сақтау қажеттігі сөз болды. Өйткені қабылданған шешімдерге сенім — киноиндустрияның ішінде де, халықаралық деңгейде де маңызды. Қазақстандық кино әлемдік мойындауға лайық, бірақ оған тек адал әрі әділ іріктеу арқылы ғана қол жеткізуге болады», — делінген Лига хабарламасында.
Мамандардың пікірінше, «Кадет» төңірегіндегі бұл оқиға ел киноиндустриясының ішкі диалог пен жауапкершілік жүйесін қалыптастыру қажеттігін айқын көрсетті.
Алайда өтініш қабылдау мерзімі аяқталғандықтан, енді басқа фильмді ұсыну мүмкін емес. Осылайша, Қазақстан 2026 жылғы «Оскар» бәйгесіне қатыспайды және әлеуетті номинация мен халықаралық танымға ие болу мүмкіндігінен айырылды.