Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан жүзден астам өлі итбалық табылды

55

Munarmedia.kz 04.11.2025 жыл /Астана/Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан 112 өлі итбалықтың денесі табылды. Бұл туралы облыстық экология департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 3 қараша күні зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Ақтау тұрғындарынан түскен хабарламалар негізінде теңіз жағалауына шыққан итбалықтардың өлекселерін анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізген.

«Балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп, Асан елді мекенінен бастап Баутин мүйісіне дейінгі жағалау сызығына мониторинг жүргізу барысында Каспий итбалықтарының өлекселері табылды. Олардың 39-ы — Асан мен Форт-Шевченко арасындағы аумақта, тағы 73-і — қала жағажайынан Баутин мүйісіне дейінгі бөлікте анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Мамандар теңіз суынан зертханалық талдау үшін сынамалар алып, оқиға туралы мәліметті 112 қызметіне жолдаған.

Айта кетейік, Каспий теңізі жағалауынан өлі теңіз жануарларының табылуы бұл алғашқы жағдай емес. Соңғы жылдары мұндай оқиғалар бірнеше рет тіркеліп, экологиялық ахуалға алаңдаушылық тудырып келеді.

Фото және бейнематериалдар — Маңғыстау облысының экология департаменті ұсынған.