Munarmedia.kz 08.11.2025 /Астана/Перу Конгресі бейсенбі күні Мексика президенті Клаудия Шейнбаумды “персона нон грата” — яғни ел аумағында қалауға жатпайтын тұлға деп жариялады. Мұндай шешім Мексика үкіметі Перудің бұрынғы премьер-министрі Бетси Чавеске саяси баспана беруге келіскеннен кейін қабылданған.
Перу билігі бұл әрекетті елдің ішкі ісіне араласу деп бағалады. Конгрестегі дауыс беру нәтижесінде 63 депутат бастаманы қолдап, 34-і қарсы шыққан. Оңшыл депутаттар Шейнбаум 2024 жылы қызметке кіріскен сәттен бастап, Перудің экс-президенті Педро Кастильоны қолдау арқылы “елге қарсы ұстаным” танытып келеді деп айыптады.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың желтоқсанында Педро Кастильо парламентті таратуға бұйрық бергеннен кейін “бүлік пен қастандық ұйымдастырды” деген айыппен биліктен кетіп, қамауға алынған болатын.
Ал Мексика Сыртқы істер министрлігі Конгресс шешіміне жауап ретінде мәлімдеме жасап, “бұл шешім жалған ақпаратқа негізделген” деді.
“Мексика тарапы Перудің ішкі ісіне ешқандай араласқан жоқ”, — делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Перудің уақытша президенті Хосе Хери Бетси Чавеске баспана беру шешіміне байланысты Мексикамен дипломатиялық қатынастарды үзу туралы хабарлаған еді. Бетси Чавес 2022 жылы Педро Кастильо үкіметінде жұмыс істеп жүргенде парламентті тарату әрекетіне қатысы бар деген айыппен тергеліп жатыр. Перу Бас прокуратурасы оған 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрауда.