Оңтүстік Корея 2035 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 50 пайызға қысқартады

16

Munarmedia.kz 08.11.2025 /Астана/Оңтүстік Корея үкіметі 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда кем дегенде 50 пайызға азайту жоспарын жариялады. Бұл туралы бейсенбі күні өткен қоғамдық тыңдауларда елдің климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, үкімет БҰҰ-ға ұсынуға арналған екі түрлі нұсқаны талқылап отыр. Біріншісінде 2035 жылға дейін шығарындыларды 50–60 пайызға төмендету көзделсе, екіншісінде — кем дегенде 53 пайызға қысқарту сияқты анағұрлым өршіл мақсат қойылған.

2018 жылы Оңтүстік Кореяда парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі 742,3 миллион тонна болған. Яғни, 2035 жылға дейін ел бұл көрсеткішті шамамен 371 миллион тоннаға дейін азайтуы қажет. Ал өткен жылы есеп бойынша шығарындылар көлемі 691,6 миллион тоннаға тең болған — бұл жоспарланған межеден әлі де айтарлықтай жоғары.

Келесі аптада өтетін үкімет отырысында Оңтүстік Кореяның ұлттық деңгейде анықталған үлесінің (NDC) соңғы нұсқасы бекітіледі. Одан кейін жаңа мақсаттар Біріккен Ұлттар Ұйымына жолданбақ.

Ұлттық деңгейде анықталған үлес — бұл Париж келісімі аясында мемлекеттер әр бес жыл сайын парниктік газдарды азайтуға бағытталған өз үлесін қайта қарап, жаңартып отыратын халықаралық міндеттемелер жиынтығы.

Оңтүстік Корея 2021 жылы өз NDC жоспарын БҰҰ-ға тапсырып, 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда шығарындыларды 40 пайызға азайтуға уәде еткен еді. Енді жаңа мақсатқа жету үшін үкімет жаңартылатын энергия көздерінің — күн мен жел электрінің — үлесін арттырып, ел көлемінде заманауи энергия желісін құруды көздеп отыр.